Парламент «Қазақстан Халық Кеңесі туралы» Конституциялық заңды екінші оқылымда қабылдады, деп хабарлайды Malim.kz.
Жаңа заңға сәйкес, Қазақстан Халық Кеңесі жоғары конституциялық консультативтік орган мәртебесіне ие болады. Кеңес мемлекеттік саясатқа қатысты ұсыныстар әзірлеп, қоғам мен билік арасындағы диалогты дамытуға қатысады.
Құжатта органның өкілеттіктері де айқындалған. Кеңес ішкі саясат бойынша ұсыныстар енгізіп, заң жобаларын қарауға ұсына алады және референдум өткізу бастамасын көтеруге құқылы. Сондай-ақ оған Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезін ұйымдастыру міндеті жүктеледі.
Кеңес құрамына қоғамдық ұйымдар, этномәдени бірлестіктер, үкіметтік емес сектор, мәслихаттар мен қоғамдық кеңестер өкілдері енеді. Ал оның жұмысын Қазақстан Халық Кеңесінің Хатшылығы қамтамасыз етеді.