Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елде тиімді жұмыс істейтін қоғамдық институттар қалыптасқанда ғана Озық және Әділетті мемлекет құруға болатынын атап өтті, деп хабарлайды Malim.kz.
Осы мақсатта жаңа конституциялық орган – Қазақстан Халық Кеңесін құру ұсынылды. Бұл құрылым азаматтық қоғам мен мемлекеттік органдар арасындағы диалогты күшейтіп, халықтың шешім қабылдау үдерісіне тікелей қатысуын қамтамасыз етуге бағытталған.
Президенттің айтуынша, Қазақстан Халық Кеңесі мәслихаттар, қоғамдық кеңестер, сарапшылар алаңы мен азаматтық қоғам ұйымдарының өкілдерін біріктіретін жаңа конституциялық орган болмақ.
"Бұрын Қазақстан халқы ассамблеясына тиесілі болған қызметтік міндеттер енді Халық кеңесіне өтеді. Осылайша, құрылым форматы өзгергенімен, жалпыұлттық бірлігіміздің мәні ішкі саясатымыздың маңызды бағыты ретінде сақталады. Халық Кеңесі – тарихымызда алғаш рет конституциялық деңгейде құрылған диалог алаңы. Көпұлтты және әралуан Қазақстанымыздың символы. Бұрын шашыраңқы болған құрылымдар заң шығару бастамасын көтеру құқығына ие болатын Жоғары консультативтік органның аясына бірігеді. Демек, халықтың үніне құлақ асу мемлекеттік саясаттың ажырамас бөлігіне айналады. Елімізде жүргізілген реформалардың ең басты нәтижесі – азаматтардың маңызды мемлекеттік шешімдерді қабылдау үдерісіне қатыса алуы. Халықтың өз ықтиярын тікелей білдіру тетігі отыз жылға жуық уақыт бойы қолданылмай келді. Тек соңғы жылдары ғана саяси тәжірибемізге енді. 2022 жылдан бері ел тағдырына әсер ететін маңызды мәселелер бойынша үш рет жалпыұлттық референдум өтті. Бұл орайда менің ұстанымым бұрынғыдай: елдегі өзгерістердің иесі халық болуға тиіс. Алайда билік нақты бастамалар көтере алады әрі солай болуы керек. Қазірдің өзінде елімізде жүзеге асырылған реформалар билік институттарының орнықты тежемелік және теңгерім жүйесін қалыптастарды, мемлекеттік басқару сапасын арттырды деп сеніммен айта аламыз. Алайда реформалардың басты мақсаты – халықтың әл-ауқатын арттыру, өңір тұрғындарының тұрмыс сапасын жақсарту. Бұл үшін Үкімет, заң шығарушы орган, тұтас қоғам жұмыла еңбек етуі қажет», - деді мемлекет басшысы.