Malim.kz
MALIMet

Қазақстанда 50 мың шақырымнан астам автомобиль жолы цифрлық платформаға енгізілді

• Алуа Әшірбекова

Қазақстанда автомобиль жолдары туралы мәліметтерді біріктіретін бірыңғай цифрлық платформа қалыптастырылып жатыр. Қазір E-Joldar ақпараттық жүйесіне 50 мың шақырымнан астам жол туралы дерек енгізілген, деп хабарлайды Malim.kz.

Жаңа платформа жол инфрақұрылымының жай-күйін бақылауға, жөндеу жұмыстарының сапасын бағалауға және мәліметтердің ашықтығын қамтамасыз етуге бағытталған.

Жүйеде әрбір жол учаскесінің цифрлық тарихы сақталады. Атап айтқанда, оның қашан жөнделгені, қандай мердігер жұмыс істегені, пайдаланылған құрылыс материалдары мен зертханалық сынақтардың нәтижелері тіркеледі.

Сонымен қатар платформаға жол сапасын бақылауға арналған бірқатар цифрлық сервисті біріктіру жоспарланған. Олардың қатарында KazRoadLab, RoadIQ және Sarap жүйелері бар. Жалпы, E-Joldar платформасына 12 ақпараттық жүйені интеграциялау көзделген.

Бұдан бөлек, азаматтардың өтініштерін қабылдайтын e-Otinish жүйесімен ықпалдастыру қарастырылған. Бұл тұрғындарға жол сапасына қатысты мәселелерді нақты учаске бойынша жолдап, олардың шешілу барысын бақылауға мүмкіндік береді.

Жалпы, цифрлық платформа автомобиль жолдарын басқару тиімділігін арттырып, жөндеу жұмыстарының сапасы мен ашықтығын қамтамасыз етуге арналған.

Алуа Әшірбекова
Автордың басқа материалдары