Malim.kz
Экономика

Қазақстанда алкогольсіз сусын өндірісі қарқын алды: бес айда өсім – 17%

Айгүл Таңатар
https://www.iamcook.ru

Қазақстанда алкогольсіз сусындар өндірісі тұрақты өсім көрсетіп келеді. 2026 жылдың қаңтар-мамыр айларында елде 1,6 млрд литр минералды су мен алкогольсіз сусын өндіріліп, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда көрсеткіш 17%-ға артты.

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, осы уақыт ішінде ішкі нарықтағы өткізу көлемі 1,7 млрд литрге жетіп, бір жылда 21%-ға өскен.
Нарықтағы сұраныстың артуымен қатар импорт көлемі де көбейген. Есепті кезеңде Қазақстанға 217,1 млн литр алкогольсіз сусын әкелініп, бұл өткен жылғы деңгейден 29,6%-ға жоғары болды. Соның нәтижесінде импорттық өнімнің ішкі нарықтағы үлесі 11,4%-ды құрады.

Қазақстандық өндірушілер сыртқы нарықтағы экспорт көлемін де сақтап отыр. Экспорттың негізгі бөлігін қант немесе басқа тәттілендіргіштер, сондай-ақ түрлі дәмдік және хош иістендіргіш қоспалар қосылған алкогольсіз сусындар құрайды. Биылғы бес айда мұндай өнімнің экспорты 172,8 млн литрге жетіп, оның құны 75,5 млн АҚШ долларын құрады.


Malim.kz хабарлауынша, өндіріс пен тұтыну көлемінің қатар өсуі елдегі алкогольсіз сусындар нарығының кеңейіп келе жатқанын аңғартады.

Айгүл Таңатар
Автордың басқа материалдары