Қазақстандықтарға автокөлікті несиеге сатып алу жеңілдеуі мүмкін. Алайда Ұлттық банк автонесиелерге қойылатын талаптарды жұмсарту азаматтардың шамадан тыс қарызға батуына әкелуі ықтимал екенін ескертті, деп хабарлайды Malim.kz.
Бұған дейін Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев автокөлік сатып алуды жеңілдету үшін автонесие рәсімдеу кезінде борыш жүктемесі коэффициентін алып тастауды ұсынған еді. Сонымен қатар жеке тұлғаларға арналған автолизинг жүйесін дамыту жоспарланып отырғанын айтқан.
Борыш жүктемесі коэффициенті қарыз алушының ай сайынғы табысы мен несие төлемдерінің арақатынасын көрсетеді. Оны есептеу кезінде азаматтың ипотекасы, тұтынушылық несиесі, автонесиесі және басқа да қарыздары ескеріледі.
Қазақстанда автонесие көлемі күрт өскен
Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменовтің айтуынша, кейінгі үш жылда Қазақстандағы автонесие нарығы өте жоғары қарқынмен өскен. Автонесиелер портфелі шамамен 60 пайызға ұлғайса, тұтынушылық несиелердің өсімі 30 пайыз көлемінде болған.
Сонымен бірге автонесиелер сапасының төмендеу белгілері байқалып отыр.
"Автонесие нарығы өте жылдам өсіп жатыр. Соңғы үш жылда портфель шамамен 60 пайызға артты. Қазір несиелердің 5,7 пайызға жуығы үшінші сатыға өткен. Кейбір қарыздарды банктер есептен шығара бастады. Біз бұл жағдайды бақылап отырмыз", – деді Ұлттық банк басшысы.
Автонесиенің басты қаупі қандай?
Тимур Сүлейменов борыш жүктемесі ескерілмей берілген автонесиенің қарыз алушы үшін қаржылық тұзаққа айналуы мүмкін екенін айтты.
Мысалы, азамат 10 миллион теңгеге көлік сатып алып, бір жыл несие төлегеннен кейін жұмысынан айырылып немесе басқа себептермен төлем жасау мүмкіндігінен айырылуы ықтимал. Мұндай жағдайда банк көлікті қайтарып алып, оны қалған нарықтық құны бойынша сатады.
Алайда автокөлікті сатқаннан түскен қаражат қарызды толық өтеуге жетпеуі мүмкін.
"Көлік 5-7 миллион теңгеге бағаланса, қарыз алушының банк алдында тағы 3–5 миллион теңге берешегі қалуы ықтимал. Автокөліксіз қалғанына қарамастан, азамат бұл қарызды әрі қарай төлеуге мәжбүр болады", – деп түсіндірді Сүлейменов.
Оның айтуынша, борыш жүктемесі коэффициенті азаматтардың төлем қабілетін алдын ала бағалап, шамадан тыс несие алуына жол бермеу үшін енгізілген.
Автонесиеге қойылатын жеңілдік қашан аяқталуы мүмкін?
Ұлттық банк басшысы автонесиелерге қатысты жеңілдетілген талаптар отандық автомобиль өндірісін қолдау мақсатында уақытша енгізілгенін атап өтті.
Бірнеше жыл бұрын көлік несиелеріне қатысты борыш жүктемесі коэффициенті алынып тасталып, жаңа автокөліктерге қойылатын талаптар айтарлықтай төмендетілген. Алайда бұл жеңілдік шексіз уақытқа созылмайды.
Алдын ала белгіленген мерзім бойынша талаптар 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап қайта қаралуы мүмкін. Дегенмен нақты шешім банктердің несие беру саясатына, қарыз алушылардың төлем тәртібіне және автонесие портфелінің сапасына байланысты қабылданады.
Егер проблемалық несиелер саны азайып, нарықтағы өсім тұрақтанса, Ұлттық банк автонесиеге қойылатын талаптарды жұмсақ форматта енгізуі мүмкін. Ал азаматтардың қарыз жүктемесі арта берсе, шектеулер күшейтілуі ықтимал.
Еске сала кетейік, биыл Қазақстанда 190 мың автокөлік шығарылатыны туралы жазған едік.