Malim.kz
Экономика

Қазақстанда банкрот болу ережелері өзгереді

Арман Қайыпхан
Фото: depositphotos.com

Қазақстанның Қаржы министрлігі «Соттан тыс банкроттық рәсімін қолдану» мемлекеттік қызметін көрсету қағидаларына өзгерістер енгізді, деп хабарлайды Malim.kz.

2026 жылғы 22 сәуірдегі бұйрыққа сәйкес, елімізде жеке тұлғалардың қарыздарын есептен шығару тәртібі нақтыланды. Негізгі жаңалықтардың бірі — енді азаматтар соттан тыс банкроттық аясында ломбардтар алдындағы берешектерін есептен шығара алмайды.

Сондай-ақ рәсімді өткізу мерзімдері қайта қаралды. Атап айтқанда, егер қарыз сомасы 1600 АЕК-тен (2026 жылы — 6,92 миллион теңге) аспаса және міндеттемелер бес жылдан астам уақыт орындалмаған болса, өтінішті қарау мерзімі бір айға дейін қысқартылады.

Ал кейбір қарыз түрлері, соның ішінде микрокредиттер бойынша рәсім мерзімі бұрын белгіленген алты айлық кезеңнен де ұзартылуы мүмкін.

Соттан тыс банкроттыққа мүлкі жоқ, оның ішінде ортақ меншіктегі үлесі де жоқ және қарызы 1600 АЕК-тен аспайтын азаматтар үміткер бола алады.

Сонымен қатар, өтініш беруші өтініш берген сәтте қатарынан 12 ай бойы кредиторлар алдындағы берешегін өтемеген болуы тиіс.

Бұл ретте 1 АЕК-тен (2026 жылы 4325 теңге) асатын бір ғана төлемнің өзі қарызды өтеу болып есептеледі.

Өтініштерді тексеру мемлекеттік органдар мен кредиттік бюролардың деректері негізінде Tazalau ақпараттық жүйесі арқылы жүзеге асырылады. Бұл үшін қағаз құжаттар тапсырудың қажеті жоқ.

Рәсім аяқталғаннан кейін азамат ресми түрде банкрот деп танылады, оның қарыздары есептен шығарылады, ал шешім мемлекеттік порталдарда жарияланып, өтініш берушіге электронды түрде жіберіледі.

Бұйрық 2026 жылғы 8 мамырдан бастап күшіне енеді.

Еске салайық, Қазақстанда банкроттық туралы заң 2023 жылғы 3 наурыздан бері қолданыста. Ол азаматтарға ауыр қарыздардан үш түрлі рәсім арқылы құтылуға мүмкіндік береді:

Бүгінде Қазақстанда 28 мыңнан астам адам банкрот деп танылған. Мемлекет 147 миллиард теңгеден астам қарызды есептен шығарды.

Арман Қайыпхан
Автордың басқа материалдары