Malim.kz
Экономика

Қазақстанда баспана бағасының өсуі баяулады

Арман Қайыпхан
Фото: freepik

Қазақстанда жаңа салынған тұрғын үйлердің бағасы бір жыл ішінде 16,6%-ға өскенімен, нарықта тұрақтану нышандары байқала бастады, деп хабарлайды Malim.kz.

2026 жылдың наурыз айындағы өсім небәрі 1,0%-ды құрады. Бұл нарықтың күрт қымбаттау фазасынан шығып, қалыпты қалыпқа көшуін білдіреді.

Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес, 2026 жылдың сәуір айында бастапқы тұрғын үй нарығындағы баға жылдық есепте 16,6%-ға, соңғы үш айда 3,7%-ға артқан. Алайда айлық көрсеткіштің төмендеуі бағаның шарықтау шегіне жеткенін көрсетеді.

Жылжымайтын мүлік саласының сарапшысы Эльвира Сагандыкованың пікірінше, 2025 жыл бойы байқалған «жүйкеге тиетін» өсім кезеңі аяқталды. Ол кезде сатушылар салық саясатындағы өзгерістерден сескеніп, бағаны барынша көтеріп алған болатын. Қазіргі уақытта бағалар «плато» деңгейіне шығып, алдағы уақытта тұрақты сақталуы мүмкін.

Еліміздің ірі мегаполистерінде баға айтарлықтай жоғары деңгейде бекітілді. Астанада жаңа баспананың бір шаршы метрі орташа есеппен 731 990 теңгеге жетіп, бір жылда 20,7%-ға қымбаттады. Алматыда да ұқсас жағдай: өсім 20,2%-ды құрап, баға 722 400 теңге деңгейінде тұр. Соңғы айларда бұл қалаларда бағаның қосымша өсуіне серпін беретін факторлар байқалмайды.

Дегенмен, кейбір өңірлерде әлі де өсу динамикасы сақталуда. Мәселен, Ақтөбеде баға жыл ішінде 20%-ға, Павлодарда 15,9%-ға, ал Қонаевта 16,7%-ға артқан. Орал қаласында желтоқсаннан бері өсім 9,9%-ды құрады. Сарапшылар мұны сұраныстың артуы емес, бұл қалалардағы бағаның жалпы республикалық деңгейге теңесуі (выравнивание) деп түсіндіреді. Салыстырмалы түрде алсақ, Ақтөбедегі баспана бағасы Астанаға қарағанда әлі де екі есе арзан.

Сонымен қатар, Жезқазған, Петропавл және Қызылорда сияқты қалаларда нарық толықтай тоқтап тұр деуге болады. Бұл аймақтарда баға индексінде ешқандай өзгеріс байқалмаған. Мамандардың айтуынша, халықтың табысы артпаса немесе сырттан келушілер көбеймесе, бұл қалалардағы тоқырау ұзаққа созылуы мүмкін.

Қорыта айтқанда, 2026 жылдың алғашқы тоқсанындағы 4,1%-дық өсім — өткен жылдан қалған инерцияның әсері. Қазіргі уақытта нарықта жаңа өсім толқыны байқалмайды, ал өңірлер арасындағы баға алшақтығы (мысалы, Астана мен Орал арасындағы екі еселік айырмашылық) сақталып отыр.

Арман Қайыпхан
Автордың басқа материалдары