2 наурыздағы сауда қорытындысы бойынша Қазақстанда доллардың қандай бағамы қалыптасқаны белгілі болды, деп хабарлайды Malim.kz.
Қазақстан қор биржасы (KASE)-дегі күндізгі сауда нәтижесінде доллардың орташа өлшенген бағамы 502,60 теңгені құрады. Бұл алдыңғы көрсеткіштен 4,91 теңгеге жоғары. Осылайша, доллар бағамы нарық үшін маңызды саналатын 500 теңгелік «психологиялық межеден» қайта асты.
Ал Қазақстан Республикасының Ұлттық банкі белгілеген 2 наурыздағы ресми бағам 1 доллар үшін 497,56 теңгені құрайды.
Еске салайық, бұған дейін Ұлттық банк ақпан айындағы валюта нарығындағы ахуал мен теңге бағамының өзгерісіне қатысты түсініктеме берген еді. Ақпан қорытындысы бойынша теңге бағамы 0,7 пайызға нығайып, бір доллар үшін 497,69 теңгеге жеткен.
Сонымен қатар, ай ішінде KASE-дегі орташа күндік сауда көлемі 306 млн доллардан 335 млн долларға дейін артты. Жалпы сауда көлемі 6,7 млрд долларды құрады.