Malim.kz
Денсаулық

Қазақстанда донорларға төленетін өтемақы мардымсыз күйде қалды

Айбын Атабай
pixabay

Қазақстанда қан донорларына төленетін өтемақы көлемі 20 жыл бойы өзгермеген. Депутаттар оны арттыруды талап еткенімен, Үкімет бюджет тапшылығын алға тартып, бастаманы қолдамады. Бұл туралы Malim.kz Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.

Депутат Қарақат Әбден донорларға берілетін қазіргі өтемақы мөлшері небәрі 0,25 АЕК (983 теңге) екенін айтты. Оның сөзінше, бұл сома шамамен 20 жыл бойы өзгермеген және қазіргі жағдайда донордың ағзасын қалпына келтіруге мүлде жеткіліксіз.

Мамандардың, соның ішінде Қазақ тағамтану академиясының есебіне сенсек, қан тапсырғаннан кейін донордың күнделікті рационы шамамен 4700 ккал болуы керек. Ал мұндай тамақтану құны бүгінде 5 мың теңгеден асады. Яғни, мемлекет беретін өтемақы донордың физиологиялық қажеттіліктерін де жаппайды.

Депутат бұл жағдайды басқа елдермен салыстырды:

*Ресейде – шамамен 9 мың теңге

*Беларусьте – 6,6 мың теңге

*Германия, Австрия және АҚШ-та – 27-30 мың теңгеге дейін.

Осыған байланысты депутаттар өтемақыны 1,25 АЕК-ке (5 406 теңге) дейін көтеруді әсіресе Астана мен Алматыдағы онкологиялық орталықтарға қажет тромбоцит донорларын қосымша ынталандыруды ұсынды

Алайда Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі бұл ұсынысты қолдамады. Ведомствоның мәліметінше, 2026-2028 жылдарға арналған бюджетте донорларға төлем бұрынғы мөлшер бойынша есептеліп, 809,8 миллион теңге қарастырылған.

Сонымен қатар, 2028 жылдың соңына дейін қосымша шығынды талап ететін жаңа әлеуметтік бастамаларға мораторий енгізілген. Осы себепті министрлік қаржылық емес (материалдық емес) ынталандыру тәсілдерін қарастыруды ұсынды.

Айбын Атабай
Автордың басқа материалдары