Қазақстанда 2026 жылдың алғашқы тоғыз айында 226 990 сәби дүниеге келген. Бұл былтырғы сәйкес кезеңнен 22,3 мыңға, ал 2024 жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 51,7 мыңға аз, деп Malim.kz тілшісі Ұлттық статистика бюросына сілтеме жасап хабарлайды.
Елде дүниеге келетін балалар саны кейінгі жылдары азайып келеді. Салыстыру үшін айтсақ, 2024 жылдың қаңтар-қыркүйегінде 278,7 мың сәби туған. Былтыр осы кезеңде олардың саны 249,3 мыңға дейін төмендеген. Биылғы көрсеткіш екі жыл бұрынғы деңгейден 18,6 пайызға кем.
Бір жылдың ішіндегі айырма да едәуір. 2025 жылдың алғашқы тоғыз айында 249 312 бала дүниеге келсе, биыл 226 990 туу тіркелген. Демек, туғандар саны 22 322-ге немесе шамамен 9 пайызға қысқарған. Осы деректерге сүйеніп есептегенде, биыл елде тәулігіне орта есеппен 831 сәби туған. Ал 2024 жылдың сәйкес кезеңінде күн сайын орташа мыңнан астам бала дүниеге келген.
Туудың азаюы жылдық қорытындылардан да байқалады. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2022 жылы Қазақстанда 403,8 мың бала туған. 2023 жылы бұл сан 388,4 мыңға, 2024 жылы 365,9 мыңға дейін төмендеген. 2025 жылдың нақтыланған дерегінде 335 мың бала дүниеге келгені көрсетілген. Биылғы тоғыз айдың нәтижесі де төмендеу үрдісінің жалғасқанын аңғартады.
Халықтың табиғи өсімі баяулаған
Туғандар саны азайғанымен, елде дүниеге келгендер саны қайтыс болғандардан әлі де көп. Биыл қаңтар-қыркүйекте Қазақстанда 98 687 адам қайтыс болған. Осы кезеңдегі халықтың табиғи өсімі 128 303 адамды құраған.
Былтыр алғашқы тоғыз айда 97 680 адам қайтыс болып, табиғи өсім 151 632 адам болған еді. Биыл қайтыс болғандар саны шамамен мың адамға көбейген. Ал табиғи өсім былтырғы деңгейден 23 329 адамға немесе 15,4 пайызға төмендеген. Бұл есепке көші-қон кірмейді: табиғи өсім туғандар мен қайтыс болғандар санының айырмасы арқылы анықталады.
Бала туу көрсеткіші қай өңірлерде жоғары?
Әр мың тұрғынға шаққандағы туу көрсеткіші бойынша Түркістан облысы алда тұр. Өңірде бұл көрсеткіш 19,87 болған. Одан кейін Шымкент қаласы мен Маңғыстау облысы орналасқан. Шымкентте әр мың тұрғынға шаққандағы туу коэффициенті 19,63-ке, Маңғыстау облысында 18,80-ге тең.
Өлім-жітімнің ең жоғары деңгейі Солтүстік Қазақстан облысында тіркелген. Мұнда әр мың тұрғынға шаққанда көрсеткіш 11,52 болған. Шығыс Қазақстан облысында ол 11,23-ті, Қостанай облысында 10,01-ді құраған. Ұлттық статистика бюросы бұл айырмашылықты аталған өңірлер халқының жас құрылымымен байланыстырады.
Тоғыз айда 33,1 мың ажырасу тіркелген
Биылғы қаңтар-қыркүйекте Қазақстанда 85,1 мың жұп некесін ресми тіркеген. Осы аралықта 33,1 мың ажырасу тіркелген. Екі көрсеткішті салыстырғанда, әрбір 100 некеге шамамен 39 ажырасудан келеді.
Алайда мұны "биыл үйленген әрбір 100 жұптың 39-ы ажырасты" деп түсіндіруге болмайды. Себебі осы кезеңде ажырасқан жұптардың арасында бұрынғы жылдары шаңырақ көтергендер де бар. Бұл сандар бір мерзімде тіркелген неке мен ажырасудың арақатынасын ғана көрсетеді.