Malim.kz
Экономика

Қазақстанда екі ипотекалық бағдарлама іске қосылады

Айбын Атабай
Коллаж: informburo.kz

«Отбасы банк» тамыз айының соңына дейін тұрғын үй алуға арналған екі жаңа ипотекалық бағдарламаны іске қоспақ. Оның бірі әйелдерге арналған «Ұмай» болса, екіншісі энергия тиімді тұрғын үй сатып алуға бағытталған «Жасыл ипотека». Әр бағдарламаға 90 млрд теңгеден қарастырылған, деп хабарлайды Krisha.kz-ке сілтеме жасаған Malim.kz.

«Ұмай» бағдарламасы кімдерге арналған?

«Ұмай» бағдарламасына ресми табысы бар және соңғы алты айда зейнетақы жарналары тұрақты аударылған жұмыс істейтін әйелдер қатыса алады. Олардың қатарында жалдамалы қызметкерлермен бірге жеке кәсіпкер әйелдер де бар.

Бағдарламаның негізгі шарттары:

бастапқы жарна — өңірлерде 15%-дан, Астана мен Алматыда 20%-дан;

несие сомасы — 50 млн теңгеге дейін;

несие мерзімі — 25 жылға дейін;

тұрғын үйді бастапқы және қайталама нарықтан сатып алуға болады;

сатып алынатын үй 2016 жылдан ерте салынбауы тиіс;

депозит ашу міндетті емес.

Астана мен Алматыда банк тұрғын үй құнының 80%-ына дейін қаржыландырады. Қалған 20%-ын сатып алушы өзі төлейді. Басқа өңірлерде банк үй құнының 85%-ына дейін несие беріп, қалған 15%-ын қарыз алушы өтейді.

Бағдарламаның тағы бір ерекшелігі — кейін ипотеканы 3,5-5% мөлшерлемемен тұрғын үй заемына ауыстыру мүмкіндігі.

Бағдарламаға қатысатын әйел мен оның жұбайының жалпы ай сайынғы табысы 1,25 млн теңгеден аспауы керек. Сонымен қатар меншігіндегі тұрғын үй санына шектеу қойылмайды.

«Жасыл ипотека» қандай тұрғын үйге беріледі?

«Жасыл ипотека» энергия тиімділігі жоғары жаңа тұрғын үй сатып алуға бағытталған. Бағдарламаға энергия тиімділігі бойынша OMIR, BREEAM немесе LEED сертификаттарының біріне ие тұрғын үй кешендері қатыса алады.

Бағдарламаға сәйкес келетін тұрғын үй кешендерінің тізімін «Отбасы банк» жариялайды.

Негізгі шарттары:

бастапқы жарна — 20%-дан;

тұрғын үй төлемдерін алушылар үшін — 15%-дан;

несие сомасы — 50 млн теңгеге дейін;

несие мерзімі — 25 жылға дейін.

Қазіргі уақытта екі бағдарлама бойынша да нақты пайыздық мөлшерлеме белгіленген жоқ.

«Отбасы банк» ипотекалардың нақты іске қосылатын күні мен пайыздық мөлшерлемелері туралы қосымша ақпарат беретінін хабарлады.

Айбын Атабай
Автордың басқа материалдары