Malim.kz
Денсаулық

Қазақстанда емханаға тіркелу ережелері өзгереді

Айбын Атабай
gov.kz

Қазақстанда емханаға тіркелу ережелеріне өзгерістер енгізу ұсынылды. Денсаулық сақтау министрлігі әзірлеген түзетулер қазір “Ашық НҚА” порталында талқыланып жатыр, деп хабарлайды Malim.kz. 

Негізгі өзгерістердің бірі – емханаға тіркелу бойынша жыл сайынғы науқанның жойылуы. Енді азаматтар жылына бір рет кез келген уақытта басқа емханаға ауыса алады және жаңа емхананың қызметін келесі айдан бастап пайдаланады.

Сонымен қатар, емханалардың қызмет көрсету аумақтары қайта қаралады. Егер ауданда жаңа емхана ашылса, жергілікті билік халықты медициналық ұйымдар арасында тең бөлуі тиіс. Азаматтар өз әкімшілік аумағындағы емханаларға тіркеле алады.

Жүкті әйелдер мен бес жасқа дейінгі балалар тек нақты тұратын жері бойынша емханаға бекітіледі. Ал 18 жасқа дейінгі балалар ата-анасының бірі тіркелген емханада қызмет алуы керек.

Студенттер енді өздері тұратын жердегі емханаға eGov арқылы немесе өтінішпен тіркеле алады. Бұрын олар көбіне оқу орны бекіткен емханаға ғана тіркелетін. Әскери қызметшілерге де қызмет өткеру мерзіміне уақытша тіркелу мүмкіндігі қарастырылып отыр.

Министрлік бұл өзгерістер емханаларға тіркелу жүйесін ыңғайлы әрі ашық ету үшін қажет екенін айтады.

Айбын Атабай
Автордың басқа материалдары