Malim.kz
Білім-ғылым

Қазақстанда магистратура мен докторантураға құжат қабылдау басталды: талапкерлер нені білуі керек?

• Мадияр Қапанбек
Университет. Көрнекі фото: pixabay.com

Қазақстанда 28 қазаннан бастап магистратура мен докторантураға түсу үшін өтініш қабылдау басталды. Талапкерлер кешенді тестілеу мен түсу емтихандарына 10 қарашаға дейін тіркеле алады, деп хабарлайды Malim.kz.

ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Ұлттық тестілеу орталығының мәліметінше, магистратураға арналған кешенді тестілеуге және докторантураға түсу емтихандарына өтініштер app.testcenter.kz сайты арқылы қабылданады.

Тіркелу кезінде талапкерлер білім беру бағдарламаларының тобын, тестілеу тілін және емтихан тапсыратын қаланы өздері таңдай алады.

Аталған мәліметтерді 10 қарашаға дейін өзгертуге мүмкіндік бар. Ал өтініш қабылдау мерзімі аяқталғаннан кейін түзету енгізуге рұқсат берілмейді.

Шығармашылық дайындықты талап ететін білім беру бағдарламалары бойынша бейінді магистратураға түсетін азаматтар құжаттарын 28 қазан мен 10 қараша аралығында жоғары оқу орындарының қабылдау комиссияларына тапсыруы тиіс.

Магистратураға арналған кешенді тестілеу қараша-желтоқсан айларында электрондық форматта өтеді. Тестілеудің нақты күні мен орны туралы ақпарат 13 қарашада талапкерлердің жеке кабинеттерінде жарияланады.

Магистратураға түсу үшін қанша балл жинау керек?

Ғылыми-педагогикалық магистратураға арналған кешенді тестілеу үш бөлімнен тұрады. Олар – шет тілі бойынша тест, оқуға дайындығын анықтау тесті және білім беру бағдарламалары тобының бейіні бойынша тапсырмалар.

Емтиханға 3 сағат 55 минут уақыт беріледі.

Ғылыми-педагогикалық магистратураға түсу үшін кемінде 75 балл жинау қажет. Оның ішінде шет тілінен кемінде 25 балл, оқуға дайындығын анықтау тестінен кемінде 7 балл, ал екі бейіндік пәннің әрқайсысынан кемінде 7 балл алу талап етіледі.

Ал бейінді магистратураға түсушілер тек білім беру бағдарламалары тобының бейіні бойынша тест тапсырады.

Олар үшін ең төменгі шекті көрсеткіш – 30 балл. Сонымен қатар бірінші және екінші бейіндік пәндердің әрқайсысынан кемінде 7 балл жинау қажет.

Докторантураға құжат тапсыру тәртібі қандай?

Докторантураға түсу емтиханына өтініштер де 10 қарашаға дейін қабылданады.

Алайда талапкерлер емтиханға тіркелмес бұрын таңдаған жоғары оқу орнының қабылдау комиссиясына қажетті құжаттарын өткізуі тиіс.

Докторантураға түсу үшін мемлекеттік тілді меңгеру деңгейін растайтын ҚАЗТЕСТ сертификаты және шет тілін білетінін дәлелдейтін сертификат қажет.

TOEFL ITP сертификатын ұсынған үміткерлер түсу емтиханы басталғанға дейін ағылшын тілінен қосымша тестілеуден өтеді.

Докторантураға түсу емтихандары желтоқсан айында ұйымдастырылады.

Қосымша тестілеудің уақыты мен орны 13 қарашада, ал негізгі түсу емтиханы туралы мәлімет 26 қарашада талапкердің жеке кабинетінде жарияланады.

PhD докторантурасына түсу емтиханы үш кезеңнен тұрады. Үміткерлер әңгімелесуден өтіп, эссе жазады және таңдаған білім беру бағдарламасының бейіні бойынша емтихан тапсырады.

Ал бейіні бойынша докторлар бағдарламасына, соның ішінде индустриялық PhD бағытына түсетін азаматтар әңгімелесуден және бейіндік емтиханнан өтеді.

Мемлекеттік білім беру грантына үміткер PhD талапкерлері кемінде 75 балл жинауы керек.

Бейіні бойынша докторлар бағдарламасына, оның ішінде индустриялық PhD бағытына түсушілер үшін шекті балл – 50.

Айта кетейік, шекті балды жинау мемлекеттік грантқа автоматты түрде ие болуды білдірмейді. Үміткерлер конкурс негізінде қабылданады.

Талапкерлерге өтініш беру мерзімін өткізіп алмау және тіркеу кезінде енгізілген мәліметтерді мұқият тексеру ұсынылады. Өйткені 10 қарашадан кейін өтініштегі деректерді өзгерту мүмкін болмайды.

Мадияр Қапанбек
Автордың басқа материалдары