Malim.kz
Саясат

Қазақстанда мәслихат депутаттарының сайлауы аяқталды

• Асыл Еркебайұлы
Сайлау. Фото-коллаж: Malim.kz / ЖИ

Қазақстанда барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауы аяқталды. 29 қараша күні сағат 20:00-де ел аумағындағы сайлау учаскелері жабылып, дауыс санау жұмыстары басталды, деп хабарлайды Malim.kz.

Сайлау комиссиялары дауыс беру аяқталғаннан кейін бюллетеньдерді санауға кірісті. Енді олардың қорытындысы бойынша мәслихаттарға сайланған депутаттар анықталады.

Сайлаушылардың белсенділігі қандай болды?

Орталық сайлау комиссиясының мәліметінше, 29 қараша күні сағат 16:00-дегі жағдай бойынша республикадағы сайлаушылардың 53,86 пайызы дауыс берген.

Ең жоғары белсенділік Түркістан облысында тіркелген. Бұл өңірде сайлаушылардың 69,84 пайызы өз таңдауын жасаған. Ал ең төмен көрсеткіш Алматы қаласында байқалды. Мұнда сағат 16:00-де сайлаушылардың 33,73 пайызы дауыс берген.

Сайлауға жеті партия қатысты

Мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауына партиялық тізімдер бойынша жеті саяси партия қатысқан.

Олар – "Ауыл", Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы, Қазақстан Халық партиясы, Respublica, "Ақ жол", "Байтақ" және "Әділет" партиялары.

Бұл жолғы сайлау барысында еліміздегі 228 мәслихаттың құрамын жасақтау көзделген. Жалпы 3 447 депутаттық мандат бөлінуі тиіс.

Сайлау нәтижесі қашан жарияланады?

Дауыс беру аяқталғаннан кейін сайлау комиссиялары бюллетеньдерді санап, тиісті хаттамаларды рәсімдейді. Сайлау қорытындысы дауыс беру аяқталған күннен бастап бес күннен кешіктірілмей жариялануы тиіс.

Асыл Еркебайұлы
Автордың басқа материалдары