Malim.kz
Білім-ғылым

Қазақстанда мектеп бітіру кештеріне қойылған тыйым қайта қаралуы мүмкін

Сабина Асқарқызы
pixabay.com

Қазақстанда мектеп бітіру кештерін өткізуге қатысты шектеулер келесі жылы қайта қаралуы ықтимал. Бұл туралы Үкіметтегі брифингте Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова мәлімдеді, деп хабарлайды Malim.kz.

Журналистер министрден тым қатаң шектеулер салдарынан мектеп бітіру кештері бейресми түрде ұйымдастырылып кетуі мүмкін бе және ведомство талаптарды жеңілдету мүмкіндігін қарастырып жатыр ма деп сұрады.

Жұлдыз Сүлейменованың айтуынша, биыл мектептен тыс жерде бітіру кештерін өткізуге және оны ұйымдастыру үшін ақша жинауға тыйым алғаш рет енгізіліп отыр. Оның сөзінше, мұндай шешім қоғам сұранысына байланысты қабылданған.

Министр сондай-ақ өңірлерде осы талаптардың сақталуын бақылау жұмыстары жүргізіліп жатқанын айтты. Оның пікірінше, келесі жылы бұл мәселеге қатысты тәсілдерді қайта қарастыру мүмкіндігі бар.

Еске салайық, мектеп түлектеріне аттестат тапсыру рәсімі 17-18 маусымда өтеді. Қолданыстағы талаптарға сәйкес, мерекелік іс-шараларды тек білім беру ұйымдарының аумағында өткізуге рұқсат етіледі. Мейрамханаларда, дәмханаларда және банкет залдарында бітіру кештерін ұйымдастыруға, сондай-ақ осы мақсатқа ақша жинауға тыйым салынған. Бұл талаптардың орындалуын әкімдіктер мен құқық қорғау органдары қадағалайды.

Сабина Асқарқызы
Автордың басқа материалдары