Қазақстанда мемлекеттік және жекеменшік мектептерді қаржыландыру біртұтас жан басына шаққан нормативтік жүйе арқылы жүзеге асырылады. Бұл тәртіп мемлекеттік білім беру тапсырысы аясында жұмыс істейтін барлық білім беру ұйымдарына қолданылады, деп хабарлайды Malim.kz.
Жүйеге сәйкес, әр оқушыға бөлінетін қаржы жеке есептеледі. Қаржыландыру қағидалары Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі бекіткен 2017 жылғы №597 бұйрық негізінде анықталады.
Нормативті есептеу барысында бірнеше негізгі фактор ескеріледі. Атап айтқанда, оқушының білім деңгейі маңызды рөл атқарады. Яғни бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білім беру сатылары бойынша қаржыландыру көлемі әртүрлі болады.
Сонымен қатар ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларға қосымша коэффициенттер қарастырылған. Бұл санаттағы оқушылар инклюзивті сыныптарда, түзету сыныптарында немесе үйден оқытылуы мүмкін.
Қаржыландыру көлеміне мектептің орналасқан жері де әсер етеді. Ауылдық елді мекендердегі, экологиялық қолайсыз өңірлердегі және радиациялық қауіп аймақтарындағы мектептер үшін арнайы коэффициенттер қолданылады.
Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, мұндай тәсіл бюджет қаражатын тиімді бөлуге мүмкіндік береді. Қаржы нақты қажеттілікке қарай бағытталып, оқушы саны мен жағдайына байланысты үлестіріледі.
Мамандардың айтуынша, бұл – білім беру саласындағы заманауи қаржыландыру жүйесінің негізгі қағидаларының бірі.
Соңғы жылдары мемлекеттік білім беру тапсырысы аясында жекеменшік мектептерді қаржыландыру көлемі айтарлықтай өскен. Бұл оқушы орындарының тапшылығын азайтып, орта білімнің қолжетімділігін арттыру мақсатында қолға алынған.