Қазақстанда репетиторлық орталықтардың ықпалы артып, кейбірі ҰБТ-дан жоғары балл жинаған түлектерге автокөлік пен қымбат сыйлықтар ұсына бастаған тұста Оқу-ағарту министрлігі бұл саланы заңмен реттеуге кірісті. Енді мектеп мұғалімдерінің өз оқушыларына ақылы репетитор болуына заң жүзінде тыйым салынуы мүмкін. Бұл туралы Үкімет отырысынан кейін өткен брифингте айтылды, деп хабарлайды Malim.kz.
Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменованың айтуынша, әзірленіп жатқан өзгерістерде репетиторлық орталықтардың қызметі, салық төлеуі және ата-аналар мен балалар алдындағы жауапкершілігі нақты қарастырылмақ.
«Репетиторлық орталықтардың жұмысы, салық төлеуі, балалар мен ата-аналар алдындағы жауапкершілігі қарастырылады. Сонымен қатар мектеп мұғалімдерінің өз оқушыларына қосымша ақылы сабақ өткізуіне тыйым саламыз», – деді Жұлдыз Сүлейменова.
Министрдің сөзінше, мұндай өзгеріс мұғалім мен оқушы арасындағы қарым-қатынаста қаржылық мүдденің пайда болуына жол бермеуге бағытталған.
«Яғни мұғалім өзінің сабақ беретін оқушысынан қосымша қаржы ала алмайды», – деді ол.
Сондай-ақ шенеунік жоғары нәтиже көрсеткен түлектерге қымбат сыйлық ұсынып жүрген білім беру орталықтарына қатысты да пікір білдірді. Оның айтуынша, әзірге бұл әр орталықтың жеке маркетингтік тәсілі болып саналады. Алайда заңнамалық өзгерістер қабылданғаннан кейін бұл мәселе де қайта қаралуы мүмкін.
Өз кезегінде Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек те ҰБТ-ға дайындайтын білім беру орталықтарының жоғары балл жинаған талапкерлерге бағалы сыйлықтар беруі қоғамда шамадан тыс дүрбелең туғызғанын айтты.
Министрдің сөзінше, ата-аналар балаларын сапалы біліммен қамтамасыз етуге және олардың жақсы нәтиже көрсетуіне барлық мүмкіндікті жасауға тырысады.
«Бізде азиялық менталитет бар. Ата-аналар балаларына оқуға түсу үшін ең жақсы мүмкіндік бергісі келеді. Қытайда репетиторлық қызмет заңмен тыйым салынған кезде үлкен көлеңкелі нарық пайда болды. Жасырын түрде оқушыларды емтиханға дайындайтын репетиторлар көбейіп, олардың қызмет ақысы тіпті қымбаттап кеткен», – деді министр.
Оның пікірінше, кейбір дайындық орталықтары жарнама мақсатында шектен шығып отыр.
«Бұл – маркетинг. Яғни “біздің орталыққа келсеңіз, балаңыз ең жоғары балл жинай алады” деген жарнама тәсілі. Бірақ кейбір орталықтар бұл жерде шектен шығып кетіп жатыр. Соның айналасында үлкен ажиотаж жасайды», – деді Саясат Нұрбек.
Министр сондай-ақ жоғары нәтиже көрсету үшін міндетті түрде репетитор жалдаудың қажет емес екенін атап өтті.