Қазақстанда азаматтарды әл-ауқат деңгейіне қарай санаттарға бөлу банктердің несие беру шешіміне әсер ете ме? Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов осы мәселеге қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды Malim.kz.
Елімізде отбасылардың әлеуметтік және қаржылық жағдайын бағалау жүйесіне қатысты сұрақтар туындап жатыр. Соның бірі – азаматтың әл-ауқат санаты төмен болса, банктер оған несие беруден бас тарта ма деген мәселе.
Ұлттық банк басшысы Тимур Сүлейменов брифинг барысында қазақстандықтардың несие алу мүмкіндігіне мұндай санаттардың ықпалы болмайды деп есептейтінін айтты.
Оның сөзінше, еліміздің банк жүйесі әлдеқашан цифрландырылған. Қаржы ұйымдары несие рәсімдеуге өтініш берген азаматтардың төлем қабілетін бағалау үшін қажетті мәліметтерді қолданыстағы ақпараттық жүйелер арқылы алады.
Банктер несие берерде нені тексереді?
Тимур Сүлейменовтің айтуынша, Қазақстандағы екінші деңгейлі банктер қарыз алушының қаржылық жағдайын бағалау үшін бірнеше дереккөзді пайдаланады.
Атап айтқанда, банктер азаматтың несие тарихына, табысына, зейнетақы аударымдарына, мүлігіне және басқа да қаржылық көрсеткіштеріне назар аударады.
Бұл деректер Мемлекеттік кредит бюросы, Бірінші кредит бюросы және басқа да ақпараттық жүйелер арқылы қолжетімді болады.
"Несие алу үшін жүгінген кезде банкке несие тарихыңыз туралы ақпарат алуға келісім бересіз. Бұл банкке сізді мүлдем жаңа клиент ретінде қарастырмауы үшін, кірістеріңіз, зейнетақы аударымдарыңыз, мүлкіңіз және басқа да деректеріңіз туралы түсінігі болуы үшін керек", – деді Ұлттық банк төрағасы.
Осылайша, банк клиенттің несие төлеу мүмкіндігін тек бір ғана көрсеткішке қарап емес, бірнеше қаржылық деректі салыстыру арқылы бағалайды.
Әл-ауқаты төмен азаматтарға несие берілмей ме?
Ұлттық банк төрағасының түсіндіруінше, әр банктің қарыз алушыларды бағалайтын жеке жүйесі бар. Ол қаржы саласында скоринг моделі деп аталады.
Мұндай модель арқылы банктер клиенттің несие міндеттемелерін орындау мүмкіндігін, бұрынғы қарыздарын өтеу тәртібін және өзге де тәуекелдерді есептейді.
Тимур Сүлейменов мемлекеттік деңгейде енгізілетін әл-ауқат санаттары банктердің қолданыстағы жүйесіне айтарлықтай өзгеріс әкелмейді деген пікір білдірді.
"Банктерде өз скоринг модельдері бар, ол әлдеқайда жетілдірілген. Олар нақты банктің саясатына байланысты. Банктерде бұрыннан бері қарыз алушылардың өз санаттары бар. Сондықтан отбасылардың әл-ауқатын бағалаудың жалпымемлекеттік жүйесін енгізу, менің ойымша, несие беруге еш әсер етпейді", – деді ол.
Демек, азаматтың мемлекеттік әл-ауқат санаты өздігінен банк несиесінен бас тартуға негіз болады деп айтуға болмайды.