Солтүстік Қазақстан облысы Ақжар ауданындағы Май ауылдық округінің әкімі Ерлан Смаиловтың қайтыс болғаны туралы ақпарат тарады. Мәлімет алғашында Telegram-дағы «Криминальный Казахстан» арнасында жарияланды, деп хабарлайды Malim.kz.
СҚО Полиция департаменті 18 мамыр күні Майское ауылында 48 жастағы ер адамның мәйіті табылғанын растады.
Полиция мәліметінше:
«Суицид фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр, қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде».
Ерлан Смаилов 2026 жылдың 17 ақпанында ғана Май ауылдық округінің әкімі болып тағайындалған және бұл қызметте небәрі үш ай жұмыс істеген. Бұған дейін ол «Майское-Агро» ЖШС директорының орынбасары қызметін атқарған.
Өмірбаяны бойынша:
1977 жылы бұрынғы Көкшетау облысында туған;
құрылыс мамандығы бойынша білім алған;
ҚР Қарулы күштерінде қызмет еткен;
кейін математика және физика пәндерінің мұғалімі мамандығын игерген;
мектепте мұғалім болып және түрлі компанияларда жұмыс істеген.
Бұл соңғы уақытта өңірлік басшылар арасында тіркелген алғашқы жағдай емес. Бұған дейін:
2026 жылғы 6 мамырда Ақтөбе облысында бұрынғы Кеңқияқ ауылдық округінің әкімі Қуанышбек Серікжанов қайтыс болған;
2025 жылдың желтоқсанында Темір қаласының әкімі Еркін Далмағамбетовтің де өмірден өткені хабарланған.
Бұл жағдайлар бойынша нақты себептер жөнінде ресми қорытындылар әлі жарияланған жоқ. Тергеу жалғасып жатыр.