Malim.kz
Экономика

Қазақстанда төртінші мұнай өңдеу зауыты қай облыста салынуы мүмкін

Айбын Атабай
Фото: ашық дереккөз

Қазақстанда төртінші мұнай өңдеу зауытын салу мәселесі қарастырылып жатыр. Нысан Маңғыстау, Атырау, Ұлытау немесе Түркістан облыстарының бірінде орналасуы мүмкін, деп хабарлайды Malim.kz.

Бұл туралы Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов мәлімдеді. Министрдің айтуынша, зауыттың нақты орналасатын жері әзірге анықталған жоқ.

Жоба бойынша кәсіпорынның жылдық өндірістік қуаты 10 миллион тоннаға дейін мұнай өңдеуге жетуі мүмкін.

Ақкенженов бұған дейін зауыт құрылысы 2026 жылы басталмайтынын айтқан. Оның сөзінше, мұндай ауқымды жобаны жүзеге асыруға бірнеше жыл қажет.

Министр Шымкент мұнай өңдеу зауытын кеңейту жобасын мысалға келтіріп, тек жобалық құжаттарды әзірлеудің өзі шамамен екі жыл уақыт алатынын атап өткен.

Төртінші МӨЗ құрылысы 2027-2028 жылдары басталуы мүмкін бе деген сұраққа Ерлан Ақкенженов «Меніңше, иә» деп жауап берді.

Айта кетейік, бұған дейін Энергетика вице-министрі Қайырхан Тұтқышбаев жаңа зауыттың бастапқы қуаты жылына 10 миллион тонна болатынын хабарлаған. Сол кезде кәсіпорынды Ұлытау облысында салу мүмкіндігі қарастырылып жатқаны айтылған.

Айбын Атабай
Автордың басқа материалдары