Malim.kz
Экономика

Қазақстанда төртінші мұнай өңдеу зауытын салуға дайындық басталды

Арман Қайыпхан
Фото: pixabay

Қазақстанда ірі төртінші мұнай өңдеу зауытын (МӨЗ) салу жобасына дайындық басталды. Бұл туралы Энергетика министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды Malim.kz.

«Қазақстанда ірі төртінші МӨЗ салу жобасы тәжірибелік кезеңге өтті. Жобаның алдын ала техникалық-экономикалық негіздемесін (алдын ала ТЭН) әзірлеу жұмыстары басталды. Болашақтағы алып кешен жылына 10 млн тоннаға дейін мұнай өңдей алады деп күтілуде. Қазақстан ірі тоннажды мұнай өңдеу кешенін салуға дайындықты бастады. Болашақта бұл кешен мұнай-химия кластерінің орталығына айналуы мүмкін», – делінген сәрсенбі күні таратылған хабарламада.

Жұмыс Президент Қасым-Жомарт Тоқаев тапсырмасы бойынша қолға алынған.

«Мұнай өңдеу және мұнай-химиясы саласындағы уәкілетті мемлекеттік орган ретінде Энергетика министрлігі жоба бойынша ведомствоаралық үйлестіру жұмыстарын жүргізуде. Жобаның тапсырыс берушісі – SK Ondeu (“Самұрық-Қазына” қорының еншілес компаниясы). Алты ай ішінде халықаралық инженерлік топ кешенді жобалауалды зерттеулерін (алдын ала ТЭН) жүргізіп, нәтижесінде Үкіметке болашақ зауыттың техникалық және экономикалық параметрлерін ұсынады. Алдын ала ТЭН аясында мамандар бірнеше негізгі бағытты пысықтайды. Ең алдымен шикізатпен қамтамасыз етудің ең тиімді схемасы анықталады. Қашаған және Теңіз кен орындарының мұнайын өңдеу, сондай-ақ қолданыстағы құбыр инфрақұрылымы арқылы аралас шикізатты пайдалану нұсқалары қарастырылып жатыр», – деп нақтылады ведомство.

Сондай-ақ МӨЗ салынатын орынды таңдауға ерекше назар аударылады.

«Сарапшылар көлік логистикасын, теміржол инфрақұрылымына қолжетімділікті, өткізу нарықтарына жақындықты, экологиялық талаптарды және инженерлік коммуникациялардың бар-жоғын бағалайды», – деп түсіндірді министрлік.

Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов жаңа кешен құрылысы Қазақстанның ұзақ мерзімді энергетикалық тәуелсіздігі үшін прагматикалық әрі стратегиялық маңызды қадам екенін айтты.

Оның сөзінше, жоба орны мен конфигурациясына қатысты барлық шешімдер тек экономикалық тиімділік пен техникалық есептер негізінде қабылданады.

«Жобаның ғылыми әлеуеті отандық ғылыми-зерттеу орталықтары мен бейінді жоғары оқу орындарын тарту арқылы қамтамасыз етіледі. Мәселен, ғылыми-зерттеу құрылымдары отынның жетілдірілген стандарттарын, технологиялар мен катализаторларды әзірлеумен айналысса, университеттер болашақ өндіріс үшін мамандар даярлайды. Жобалауалды құжаттама негізінде Үкімет жобалық құжаттаманы әзірлеу кезеңіне өту, халықаралық инвесторларды тарту және зауыт құрылысын бастау туралы шешім қабылдайды. Жүргізіліп жатқан жұмыстар Қазақстан Республикасының 2025–2040 жылдарға арналған мұнай өңдеу саласын дамыту тұжырымдамасына сәйкес келеді және экономиканың шикізаттық моделінен мұнайды терең өңдеуге кезең-кезеңімен көшуге бағытталған», – деп қосты Энергетика министрлігі.

Арман Қайыпхан
Автордың басқа материалдары