Қазақстанда 65 жастан асқан азаматтар несие алу үшін банк бөлімшесіне жеке баруға тиіс. Бұл талап телефон алаяқтарының ықпалымен қарыз рәсімдеп, ақшаны қылмыскерлерге аудару жағдайларының алдын алу үшін енгізілген. Бұл туралы Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов мәлімдеді, деп хабарлайды Malim.kz.
Tengrinews.kz жазуынша, брифингте журналистер алаяқтардың егде жастағы азаматтарды ірі көлемде несие алуға көндіретін жағдайлар көбейгенін атап өтті. Осыған байланысты банктердің мұндай қарыздарды беруіне неге жол берілетіні және талаптарды күшейту мүмкіндігі туралы сұрақ қойылды.
Банк бөлімшесіне жеке бару міндетті
Тимур Сүлейменов қажетті шаралардың бір бөлігі бұған дейін қабылданғанын айтты. Оның сөзінше, былтыр Парламент 18-21 жас аралығындағы жастарға және 65 жастан асқан азаматтарға несие беру тәртібіне қатысты заңнамаға өзгерістер енгізген.
"Бұл санаттағы азаматтардың банк бөлімшесіне міндетті түрде жеке келуі қарастырылған", – деді Ұлттық банк төрағасы.
Оның айтуынша, алаяқтар көбіне несиені қашықтан рәсімдеу мүмкіндігін пайдаланады. Олар азаматпен телефон арқылы сөйлесіп, онлайн өтінім беруден бастап биометриялық тексеруден өтуге дейінгі барлық әрекетті айтып отырады.
"Адам банкке бармай, менеджермен сөйлеспей-ақ онлайн несие рәсімдейді. Алаяқтар оған қай батырманы басу керегін үнемі айтып отырады. Сөйтіп, азамат қарыз алып, ақшаны бірден қылмыскерлерге аударып жібереді", – деді Тимур Сүлейменов.
Сондықтан егде жастағы азаматтарға несие рәсімдеу кезінде банк бөлімшесіне жеке бару талабы енгізілген.
Банк күмәнді жағдайда несие бермеуге міндетті
Ұлттық банк басшысының айтуынша, клиент бөлімшеге келгеннен кейін оның жағдайын бағалау жауапкершілігі банк қызметкеріне жүктеледі.
Егер менеджер азаматтың біреудің ықпалында тұрғанын, не үшін несие алып жатқанын түсінбейтінін байқаса немесе клиент қарызды телефон арқылы берілген нұсқаумен рәсімдеп жатқанын айтса, банк өтінімді мақұлдамауға міндетті.
"Бұл банктің таңдауы емес. Егер клиент "маған қоңырау шалып, несие рәсімдеуді айтты" десе, қызметкер оған қарыз берілмейтінін нақты айтуы керек", – деді ол.
Тимур Сүлейменов банктердің бұл талаптарды орындауын Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі қадағалайтынын атап өтті.
Оның сөзінше, қабылданған шаралар өмірлік тәжірибесі аз жастарды және алаяқтардың арбауына түсу қаупі жоғары егде жастағы азаматтарды қорғауға бағытталған.
Еске сала кетейік, бұған дейін онлайн алаяқтық 26%-ға көбейгенін және биометриялық деректер арқылы несие алу тоқтамай тұрғанын жазған едік.