Malim.kz
Денсаулық

Қазақстандық дәрігер ұшақта толғағы қысқан әйел мен баланы құтқарып қалды

Айбын Атабай
instagram.com/bekzhanuli07/veroinna_official

Астана-Орал бағытында ұшақ бортында қазақстандық дәрігер жүкті әйел мен оның сәбиін аман алып қалды. Бұл туралы Malim.kz  хабарлайды.

Хирург Таубай Байжекенов Threads желісінде болған оқиға туралы өзі жазды. 

“Кеше Астана-Орал рейсінде ерекше жағдай болды. Ұшу кезінде жүкті әйелдің толғағы басталып, шұғыл түрде алғашқы медициналық көмек көрсетуге тура келді. Дәрігер ретінде мұндай сәттерде сабыр сақтап, барлық білім мен тәжірибені дұрыс қолдану өте маңызды. Дүниеге ұл бала келді. Алла қаласа, ол өсіп, алғашқы қадамдарын жасап, өмірде өз жолын табады. Барлығы сәтті аяқталды. Осындай сәттер менің мамандығымның қаншалықты жауапты әрі маңызды екенін еске салады”, – деп жазды ол.

Таубайдың айтуынша, бала ұшақта дүниеге келмеген.

“Әйел ұшақ бортында толғатқан жоқ, толғақ тоқтап қалды. Әйел жүктіліктің 27 аптасында екен. Оның қосымша сырқаты бар еді, оның үстіне қан кетті. Сондықтан ұшақ шұғыл қонды. Әйел жедел жәрдем бригадасына тапсырылды. Кейін оның ұл бала босанғаны белгілі болды”, – деп дәрігер пікірлерде хабарлады.

Оқиғаның мән-жайы туралы FlyArystan әуе компаниясы айтып берді.

“Ұшу кезінде жүктіліктің 27 аптасында болған жолаушы әйелдің жағдайы күрт нашарлаған. Ұшақ бортында болған екі дәрігер экипаждың шақыруына бірден жауап беріп, қажетті медициналық көмек көрсеткен. Жолаушының жағдайын және дәрігерлердің ұсынымын ескере отырып, әуе кемесінің командирі ұшақты ұшып шыққан әуежайға қайтару туралы шешім қабылдағаны хабарланды”, – деп мәлімдеді компания.

Компания өкілдерінің айтуынша, ұшу қауіпсіздігімен қатар жолаушылардың өмірі мен денсаулығы – ең бірінші орында. Осындай жағдайларда барлық шешімдер медициналық көрсеткіштерге сүйене отырып және ұшу қауіпсіздігіне әсер ететін барлық факторларды ескеріп, жедел түрде қабылданады.

Айбын Атабай
Автордың басқа материалдары