2026 жылы медициналық жоғары оқу орындарын тәмамдаған түлектер резидентураға түсу кезінде үлкен бәсекеге тап болды. Бұған биыл "Медицина" бағдарламасының алты және жеті жылдық оқу жүйесі бойынша білім алған түлектердің қатар бітіруі себеп болған, деп хабарлайды Malim.kz, Qumash.kz-ке сілтеме жасап.
Редакцияға жүгінген түлектердің бірі мәселе тек талапкерлер санының көптігінде емес екенін айтқан. Оның сөзінше, медициналық оқу орындарын бітірушілер саны жыл сайын артып келеді, алайда дәрігерлердің тар бейінді мамандық бойынша білімін жалғастыруына арналған резидентура орындарының саны соған сай көбеймей отыр.
Түлектер өз үндеуінде әрбір бітірушіге міндетті түрде грант берілуін талап етпейтінін атап өткен.
"Біз әр түлекке кепілді грант беруді сұрамаймыз. Бізге ашық ереже, әділ конкурс және мемлекет неге мыңдаған дәрігерді оқытып шығара отырып, олардың кәсіби білімін әрі қарай жалғастыруына жеткілікті мүмкіндік жасамайды деген сұраққа нақты жауап керек", - делінген үндеуде.
Биыл бәсеке күшейді
Денсаулық сақтау министрлігі де биыл резидентураға қабылдау ерекше жағдайда өтіп жатқанын мәлімдеген. Конкурсқа алты және жеті жылдық бағдарламаларды аяқтаған түлектермен бірге өткен жылдары оқу бітірген азаматтар да қатысып жатыр.
30 шілдедегі мәлімет бойынша, электронды платформада 14 мыңнан астам өтінім өңделген. Жалпы конкурсқа шамамен 8,9 мың үміткер қатысады деп күтілген. Оның 2,6 мыңнан астамы - алдыңғы жылдардың түлектері.
2024 жылдан бері мемлекет резидентураға жыл сайын 2 500 грант бөліп келеді. Бұдан бөлек, жергілікті атқарушы органдар қаржыландыратын орындар және ақылы оқу мүмкіндігі қарастырылған. Министрліктің есебінше, жыл сайын шамамен 3,5 мың жас дәрігер мемлекет есебінен резидентурада оқуын жалғастырады.
Осылайша, биыл мамандануын жалғастырғысы келетін дәрігерлер саны мемлекеттік грант көлемінен айтарлықтай көп болып отыр.
Министрлік құжатында не көрсетілген?
Түлектер редакцияға Денсаулық сақтау министрлігі комиссиясының 2026-2027 оқу жылына резидентура бойынша мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыру жөніндегі отырысының хаттамасын ұсынған.
Құжатқа сәйкес, комиссия резидентураға 2 500 орын бекіткен. Талқылау кезінде комиссия мүшелерінің бірі бастапқыда өңірлерге бөлінбеген 577 грантты бөлу тәртібін өзгертуді ұсынған.
Оның ұсынысы бойынша, бұл орындар резиденттер оқуын аяқтаған кезде өңірлердегі медицина мамандарына деген нақты қажеттілікке қарай бөлінуі тиіс. Ұсынысты отырысқа қатысқан 15 комиссия мүшесінің барлығы қолдаған.
Яғни, резидентура орындарын бөлу кезінде түлектердің белгілі бір мамандықты таңдау ниетімен қатар, өңірлердегі кадр тапшылығы да ескеріледі.
Мемлекеттік тапсырыс кестесінде мамандықтарға бөлінген орын санының әртүрлі екені көрінеді. Мәселен, ҚазҰМУ-да акушерия және гинекология мамандығына 46, жалпы хирургияға 35, терапияға 36, психиатрияға 30 орын қарастырылған.
Ал кейбір бағыттарда орын саны аз. Дерматовенерологияға бір, кардиохирургияға үш орын берілген.
Түлектер неге алаңдап отыр?
Үндеу авторларының пікірінше, мұндай жүйе болашақ дәрігердің мамандық таңдауына әсер етуі мүмкін. Яғни, кей жағдайда түлек кәсіби қызығушылығы мен қабілетіне қарай емес, қолжетімді грант санына қарай бағыт таңдауға мәжбүр болуы ықтимал.
Осыған байланысты олар мамандықтар бойынша орын саны әркелкі болған жағдайда болашақ дәрігердің таңдау еркіндігі қаншалықты сақталады деген мәселе көтеріп отыр.
Тағы бір сұрақ - резидентура конкурсына өте алмаған түлектердің жағдайы.
Денсаулық сақтау министрлігінің түсіндіруінше, интернатураны аяқтаған түлек дипломы бар дәрігер саналады және алғашқы медициналық-санитарлық көмек ұйымдарында, аудандық және ауылдық ауруханаларда жұмыс істей алады.
Ведомствоның мәліметінше, жалпы тәжірибелік дәрігерлерге, терапевтерге, хирургтер мен педиатрларға сұраныс жоғары.
Алайда түлектер бұл жауапты жеткіліксіз деп есептейді. Себебі олардың көбі бастапқыдан нақты клиникалық мамандық бойынша білімін жалғастыруды жоспарлаған.
Іріктеудің жаңа жүйесі де сұрақ тудырды
Биыл резидентураға қабылдау алғаш рет толықтай бірыңғай электронды платформа арқылы өтіп жатыр.
Қорытынды рейтинг автоматты түрде жасалады. Оның 50 пайызы талапкердің бүкіл оқу кезеңіндегі GPA көрсеткішіне, қалған 50 пайызы тәуелсіз қорытынды аттестаттау нәтижесіне байланысты есептеледі.
Түлектер жаңа жүйедегі іріктеудің қаншалықты әділ әрі ашық жүргізіліп жатқанын да тексеруді сұрап отыр.
Үндеуде қорытынды аттестаттау тапсырмаларының дайын жауаптары сатылуы мүмкін деген ақпарат та айтылған. Атап айтқанда, түлектер "Деревня скрытого дождя" деп аталатын жабық ресурста жауаптар шамамен 15 мың теңгеге ұсынылғанын мәлімдеген.
Qumash.kz редакциясы бұл ақпараттың расталмағанын және жауаптардың шынымен сатылғанын нақты дәлелдейтін дерек жоқ екенін атап өтті.
Соған қарамастан, конкурсқа қатысушылардан осындай мәліметтер түсіп жатқандықтан, түлектер бұл жағдайды уәкілетті органдар тексеруі керек деп санайды.
Qumash.kz резидентураға 2026 жылғы қабылдау, гранттарды бөлу және жаңа іріктеу жүйесіне қатысты түсініктеме алу үшін Денсаулық сақтау министрлігіне ресми сауал жолдаған.