Қазақстан азаматы Қырғыз Республикасынан экстрадицияланды. Тергеу мәліметінше, ол ұйымдасқан қылмыстық топ құрамында жалған автонесиелер рәсімдеу арқылы екі банк пен 77 азаматқа 1,8 миллиард теңгеден астам шығын келтірген деген күдікке ілінген, деп хабарлайды Malim.kz Stan.kz-ке сілтеме жасап.
Қазақстан бас прокуратурасының сұрауы бойынша Қырғыз Республикасынан аса ірі көлемдегі алаяқтыққа күдікті Қазақстан азаматы елге экстрадицияланды. Тергеу мәліметінше, күдікті 2022-2024 жылдар аралығында ұйымдасқан қылмыстық топ құрамында әрекет еткен. Қылмыстық топ алдын ала қайтарылмайтыны белгілі автонесиелерді рәсімдеу арқылы азаматтар мен екінші деңгейлі банктердің қаражатын жымқыру схемасын жүзеге асырған.
Тергеу барысында қаскөйлер азаматтарды автокөлік сатып алу үшін банктен несие рәсімдеуге көндіріп, кейін сатып алынған көліктерді сатып жіберіп, түскен қаржыны өз мақсаттарына жұмсағаны анықталды.
Сонымен қатар күдіктілер іс жүзінде жоқ автокөліктерге де несие рәсімдеу схемасын қолданған. Ол үшін ойдан шығарылған көлік құралдары Алматы қаласындағы Арнайы халыққа қызмет көрсету орталығында Қырғыз Республикасынан әкелінгендей заңсыз тіркелген.
Кейін сол көліктерді сатып алғандай көрсетіліп, үшінші тұлғалардың атына банктерден несие алынған.
Қылмыстық әрекеттер салдарынан екі қаржы ұйымы мен 77 азаматқа жалпы сомасы 1,8 миллиард теңгеден астам материалдық шығын келтірілген. Қылмыстық топтың екі мүшесіне қатысты тергеу аяқталып, іс сотқа жолданған. Ал үшінші күдікті қылмыс жасағаннан кейін тергеуден жасырынып, халықаралық іздеуге жарияланған.
Жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде ол Қырғыз Республикасының аумағында ұсталып, Қазақстан Бас прокуратурасының сұрауы негізінде елге экстрадицияланды. Қазір күдікті тергеу изоляторына қамалды. Оған тағылып отырған бап бойынша 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру және мүлкін тәркілеу жазасы көзделген.