Malim.kz
Саясат

Қазақстандық мұғалімдер жұмыстан тыс уақытта ата-аналарға жауап беруден босатылуы мүмкін

• Алуа Әшірбекова
Фото: instagram.com/aimagambetov

Қазақстанда педагогтердің жұмыс уақыты мен кәсіби міндеттеріне қатысты талаптар қайта қаралып жатыр. Құрылтай депутаты Асхат Аймағамбетов мұғалімдердің құқығын қорғауға бағытталған биылғы заңнамалық өзгерістер туралы айтты, деп Malim.kz тілшісі, Stan.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Депутаттың сөзінше, бұған дейін оқушыға демалыс күні қандай да бір жағдай болса, сол сәтте жұмыста болмаған мұғалімнен де түсініктеме талап етілетін жағдайлар кездескен. Маусым айында қабылданған өзгерістерден кейін педагогтің жауапкершілік шегі нақты белгіленген.

Енді мұғалім тек кәсіби міндетін атқарып жүрген кезеңде болған жағдайларға жауап береді. Яғни жұмыс уақытынан тыс кезде болған оқиға үшін педагогті жауапқа тартуға негіз болмауы тиіс.

Сонымен қатар мұғалімдерден бір ақпаратты бірнеше рет толтыруды талап етуге де шектеу қойылған. Егер мәлімет электронды жүйеге енгізілсе, оны қайтадан қағазға түсіруге мәжбүрлеуге болмайды. Мұндай талапты бұзғандарға жауапкершілік қарастырылған.

Педагогтерді өз міндетіне қатысы жоқ жұмыстарға тарту мәселесі де кеңейтілген тәртіппен реттелмек. Бұған дейін мұндай шектеу негізінен мектеп мұғалімдеріне қатысты болса, енді балабақша тәрбиешілері мен колледж оқытушыларына да қолданылады.

Алайда жұмыстан кейінгі уақытта ата-аналармен мессенджер арқылы хат алмасу мәселесі әлі толық шешілмеген. Асхат Аймағамбетов кешкі уақытта және демалыс күндері мұғалімдерді ата-аналарға жауап беруге міндеттеу, сондай-ақ олардан әлеуметтік желіге видео, рилс немесе пост жариялауды талап ету тәртібін бөлек реттеу қажет деп санайды.

Депутаттың пікірінше, педагогтің негізгі уақыты есеп-қисап пен қосымша тапсырмаларға емес, оқушымен жұмыс істеуге жұмсалуы керек. Ол PISA зерттеуіндегі деректі мысалға келтіріп, қазақстандық оқушылардың 86 пайызы мұғалімдері тақырыпты түсінгенше қайта түсіндіретінін айтқанын атап өтті.

Аймағамбетовтің сөзінше, мұғалімнің күші баланы қолдауға, түсінбеген тақырыпты қайта түсіндіруге және әр оқушыға жеке тәсіл табуға бағытталуы тиіс.

Ендігі басты міндет – қабылданған талаптардың қағаз жүзінде қалып қоймай, мектептерде, балабақшалар мен колледждерде күнделікті тәжірибеге айналуын қамтамасыз ету.

Алуа Әшірбекова
Автордың басқа материалдары