Malim.kz
MALIMet

"Қазақстандық" шоколад 13 жылдан бері Қазақстанға тиесілі емес: әйгілі тәттінің тарихы

• Алуа Әшірбекова
Фото: ЖИ арқылы жасалған

Қазақстандықтардың бірнеше буынына жақсы таныс көк қаптамадағы "Қазақстандық" шоколады бүгінде ұлттық брендтердің біріндей қабылданады. Алайда Алматыда өндірілетін әйгілі шоколадты шығаратын "Рахат" компаниясының бақылау пакеті осыдан 13 жыл бұрын Оңтүстік Кореяның LOTTE тобына өткен. Бұл туралы Instagram желісіндегі @argyn.nugmanov парақшасында жарияланған материалда айтылған, деп хабарлайды Malim.kz.

"Рахаттың" тарихы Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарынан басталады. Парақшадағы мәлімет бойынша, 1942 жылы Алматыға Мәскеу мен Харьковтен кондитерлік өндіріс жабдықтары эвакуацияланған. Өндіріс жергілікті ликер-арақ зауытының базасында ұйымдастырылып, алғашқы кәмпиттер мен галеттер майданға жөнелтілген. Осылайша Алматы кондитер фабрикасының тарихы басталған.

Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін көптеген кәсіпорын қиын кезеңді бастан өткерді. Жарияланымда 1990-жылдары Алматы кондитер фабрикасын сол кездегі директоры Анатолий Попелюшко басқарғаны, ал жекешелендіру кезінде кәсіпорын "Рахат" акционерлік қоғамы болып қайта құрылғаны жазылған.

Кейін фабрика жаңғыртылып, жаңа өндірістік желілер іске қосылды. 2000-жылдары кәсіпорын өнімдерін ТМД және басқа да шетел нарықтарына шығара бастады. 2001 жылы Шымкентте өндірістік филиал ашылып, вафли, печенье және карамель өндірісі кеңейген.

Компания тарихындағы үлкен өзгеріс 2013 жылы болды. Жарияланым авторының мәліметінше, сол жылдың шілдесінде Оңтүстік Кореяның LOTTE Confectionery компаниясы "Рахат" АҚ акцияларының шамамен 76 пайызын сатып алатынын жариялаған. Мәміле көлемі шамамен 156 млн доллар деп көрсетілген. Кейін кореялық компания миноритарлық акционерлердің акцияларын да сатып алып, үлесін одан әрі арттырған.

2021 жылдың сәуірінде кәсіпорынның атауы ресми түрде "LOTTE Рахат" АҚ болып өзгертілді. Соған қарамастан Алматы мен Шымкенттегі өндіріс жалғасып келеді. Ал көпшілікке жақсы таныс "Қазақстандық" шоколады әлі де дүкен сөрелерінен түскен жоқ.

Алуа Әшірбекова
Автордың басқа материалдары