Malim.kz
Экономика

Қазақстандық тасымалдаушыларға Ресей шекарасында QR-код талап етіледі

Сабина Асқарқызы
Gov.kz

2026 жылдың 1 маусымынан бастап Ресейде тауар жеткізуді алдын ала растау жүйесі – СПОТ міндетті түрде енгізіледі. Жаңа талаптар Ресей Федерациясына автомобиль көлігі арқылы жүк жеткізетін барлық тасымалдаушыларға қатысты болады, деп хабарлайды Malim.kz.

ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметінше, тауарларды автомобиль көлігімен әкелу кезінде ресейлік алушы алдын ала алдағы жеткізілім туралы құжатты рәсімдеп, арнайы QR-код алуы қажет.

Аталған QR-код жүргізушінің қолында болуы және бақылаушы органдардың талабы бойынша ұсынылуы тиіс. QR-код қағаз түрінде де, электронды форматта да болуы мүмкін.

Мемлекеттік кірістер комитеті расталған QR-код болмаған жағдайда көлік құралы Ресей аумағына кіргізілмей, кері қайтарылуы мүмкін екенін ескертті.

Осыған байланысты қазақстандық тасымалдаушыларға:

– ресейлік алушыдан алдын ала СПОТ жүйесінде рәсімделген QR-кодтың бар-жоғын нақтылау;
– өткізу пунктіне жеткенге дейін QR-кодты тексеру;
– QR-кодты қағаз немесе электронды түрде өзімен бірге алып жүру;
– QR-кодтағы мәліметтерді тауарға ілеспе құжаттармен (тауар атауы, көлемі, көлік құралы және алушы туралы деректер) салыстырып тексеру ұсынылады.

Сонымен қатар құжаттарды қате рәсімдеу шекарадан өту уақытын ұлғайтуы мүмкін екені айтылды.

«Тасымалдауды жоспарлау кезінде енгізілген өзгерістерді ескеруді және ресейлік тауар алушылармен алдын ала өзара әрекеттесуді сұраймыз», – делінген комитет хабарламасында.

Сабина Асқарқызы
Автордың басқа материалдары