Malim.kz
Білім-ғылым

Қазақстандық университетте 14 студент оқудан шығарылды

Сабина Асқарқызы
magnific.com

Yessenov University-де жүргізілген тексеру нәтижесінде 1248 студенттен академиялық адалдық қағидаларын бұзу белгілері анықталды. Тестілеу 12-30 сәуір аралығында өткен, деп хабарлайды Malim.kz.

«Лада» басылымының хабарлауынша, олардың 248-і ережені бірнеше рет бұзған. Ал университет мәліметіне сәйкес, 14 студент басқа білім алушыларға тест тапсыруға ақылы түрде көмектескен.

ЖОО өкілдерінің айтуынша, тексеру барысында Telegram-боттарды пайдалану, бөгде адамдардың көмегіне жүгіну және автоматтандырылған сервистерді қолдану деректері тіркелген. Арнайы комиссияның шешімімен 248 студент пәнді қайта оқуға жіберілсе, 14 студент оқудан шығарылған. Сонымен қатар үш студентке қатысты материалдар құқық қорғау органдарына жолданды.

Университет 1350 студенттің NEO платформасында тегін қайта тестілеуден өтетінін де хабарлады.

Сонымен бірге оқу орны студенттерге қысым көрсетілді деген және білім беру платформасын пайдалану кезінде заң бұзушылықтарға жол берілді деген айыптауларды жоққа шығарды. Университеттің мәліметінше, NEO платформасы әлемнің 70 елінде қолданылады және ағылшын тілін оқытуға арналған жасанды интеллект негізіндегі бейімделген тапсырмалар жүйесі.

Сабина Асқарқызы
Автордың басқа материалдары