Қазақстанда биылғы жылдың екінші тоқсанында халық пен бизнестің несиеге деген сұранысы өскен. Әсіресе азаматтар арасында автокөлік пен баспана сатып алуға арналған қарыздарға қызығушылық артқаны байқалады, деп хабарлайды Malim.kz.
Банктердің мәліметінше, автокөлік сатып алуға берілген несие өтініштерінің саны 20%-ға, ал ипотекалық несиеге өтініштер 19%-ға көбейген.
Бизнес тарапынан да несиеге сұраныс жоғарылаған. Ірі кәсіпорындардың қарызға деген қажеттілігінің артуына маусымдық белсенділік пен банктердің клиенттермен жұмысының күшеюі әсер еткен. Бұл сегментте мақұлданған өтінімдердің үлесі 65%-ға дейін жеткен.
Орта бизнеске берілетін несиелерге сұраныс та артқан. Бұған банктердің өңірлердегі белсенділігінің өсуі және мемлекеттік бағдарламалар аясындағы қаржыландыру ықпал еткен.
Осылайша, екінші тоқсан қорытындысы бойынша Қазақстанда халықтың тұтынушылық қажеттіліктері, әсіресе автокөлік пен баспана сатып алуға арналған несиеге сұраныс айтарлықтай өскен.