Malim.kz
Мәдениет

"Қазақтар ән тыңдау үшін түнде ұйықтамауы керек пе?": "Үркер" қазақша поп-музыкаға қалай жол ашты?

• Мадияр Қапанбек
"Үркер" тобы. Фото: Айдос Сағаттың жеке мұрағатынан (Фото ЖИ арқылы өңделген)

Бүгінде қазақ тілінде поп, рок, инди, рэп немесе электронды музыка орындау қалыпты құбылыс. Қазақша әндер радио мен теледидардан ғана емес, YouTube, Spotify, TikTok секілді платформалардан миллиондаған тыңдарманын тауып жүр, деп жазады Malim.kz.

Ал 1990-жылдардың басында жағдай мүлде басқа еді.

Сол кезде қазақ тілінде заманауи поп-рок жасауды қолға алған "Үркер" тобына музыка индустриясындағы кей адамдардың өзі күмәнмен қараған. Топ жетекшісі Айдос Сағаттың естелігіне қарағанда, қазақша әндер радиостанцияларға оңай жол таба қоймаған. Тіпті радиодағылар жарнама берушілерінен айырылып қалудан қорқатынын айтқан.

Кейін қазақ тіліндегі әндер эфирге шыға бастағанымен, олардың бір бөлігі түнгі уақытқа ығыстырылған.

Сонда Айдос Сағат радиодағы продюсерлердің біріне: "Қазақтар ән тыңдау үшін түнде ұйықтамауы керек пе?" деген мазмұнда наразылығын білдірген.

Осы ортада "Үркер" қазақ тіліндегі заманауи авторлық музыканы жасаудан бас тартпады.

Арада отыз жылдан астам уақыт өткенде топтың "Наурыз", "Жаным", "Махаббат әні", "Сәулем-ай" секілді шығармалары бірнеше буын тыңдарманына таныс әндерге айналды.

Қазақша заманауи ән "сәнді" саналмаған кезең

Айдос Сағат 2024 жылы "Казахстанская правда" газетіне берген сұхбатында топ құрылған кездегі музыкалық ортаны ашық сипаттаған. Оның айтуынша, 90-жылдардың басында сапалы поп-музыка Ресейде немесе ағылшын тілінде Батыста жасалады деген түсінік кең тараған.

Қазақ тілінде заманауи музыка жасау әрекеттері "Үркерге" дейін де болған. Айдос Сағат "Роксонаки" тобын мысалға келтіреді. Кеңес кезеңінен "Дос-Мұқасан", Роза Рымбаева, Нағима Есқалиева, Әлібек Дінішев секілді өнерпаздар да үлкен танымалдыққа жеткен. Бірақ жаңа тәуелсіз мемлекетте қазақ тіліндегі заманауи авторлық поп-роктың кең нарығы әлі қалыптаспаған еді. Айдос Сағат осы кезеңді еске алып, қазақша рок орындау идеясының өзіне күмәнмен қарағандар болғанын айтады. 2018 жылғы сұхбатында ол сол кездегі пікірді былай түсіндіреді: қазақ тілі рок музыкасына келмейтіндей қабылданған.

"Үркер" музыканттары керісінше ойлады. Олар жастар тыңдайтын рок пен попты қазақтың ұлттық әуенімен араластыруға кірісті.

Айдос Сағат неге қазақша музыка жасауды таңдады?

Бұл таңдаудың артында тек нарық немесе сән тұрған жоқ.

Айдос Сағаттың әкесі – белгілі композитор Мансұр Сағатов. Музыканттың өзінің айтуынша, әкесі оны қазақтың дәстүрлі мәдениетін құрметтеуге тәрбиелеген. Оның үстіне, Айдос Құрманғазы атындағы консерваторияда білім алып, ұлттық музыка, халық әндері мен күйлерін кәсіби деңгейде зерттеген. Студенттер ауылдарға экспедицияға барып, этнографиялық материалдар жинап, көне музыкалық мұраны талдаған.

Сондықтан оның бір жағында The Beatles секілді Батыстың поп-рок музыкасы тұрса, екінші жағында қазақтың халық музыкасы мен эпикалық дәстүрі болды.

"Үркердің" стилі осы екі әлемнің тоғысынан қалыптасты.

Айдос Сағат кейін олардың рок, поп, классикалық музыка, қазақ халық әуендері мен эпикалық сарындарды араластырып тәжірибе жасағанын айтқан. Яғни мақсат қазақ сөзін дайын батыстық әуенге жапсыра салу емес еді. Жаңа музыкалық тіл іздеу қажет болды.

Радио неге қазақша әндерді алғысы келмеді?

"Үркер" тарихындағы ең қызық әрі бүгінгі аудиторияға түсініксіз көрінуі мүмкін кезең осы. Айдос Сағаттың естелігі бойынша, топ қазақ тіліндегі әндерін ұсына бастаған кезде радио мен телевидение оларды бірден қабылдай қоймаған.

Ол кейінгі сұхбатында мұны жарнама нарығымен түсіндірген. Сол кездегі коммерциялық медианың негізгі жарнама аудиториясы орыс тілді деп есептелген. Сондықтан қазақ тіліндегі әндерді жиі қою жарнама берушілерге ұнамай қалуы мүмкін деген қауіп болған.

Айдос Сағаттың сөзінше, оларға тіпті:

"Қазақша әндерді қоя бастасақ, клиенттерімізден айырыламыз" деген уәж айтылған.

Қазіргі музыка индустриясында бұл сөз оғаш естілуі мүмкін. Бірақ 90-жылдардың медианарығында әлеуметтік желі, стриминг платформалары, YouTube болған жоқ. Әнді елге танытудың негізгі екі жолы – радио мен теледидар. Егер сол екі есік жабық болса, жаңа орындаушының миллиондаған аудиторияға жету мүмкіндігі де күрт азаятын. Сондықтан "Үркердің" қазақша музыка жасауы тек шығармашылық таңдау емес, коммерциялық тұрғыдан да тәуекел еді.

Қазақ әндерін түнгі эфирге қойған

Кейін жағдай біртіндеп өзгере бастайды. Қазақ тіліндегі контент көлеміне қатысты талаптар күшейіп, радиолар қазақ әндерін көбірек эфирге енгізеді. Бірақ Айдос Сағаттың айтуынша, жаңа проблема шыққан. Қазақ әндерінің бір бөлігі түнгі эфирге қойылған.

Музыкант осы жағдайды сынап, радиодағы жауапты адамдардан "қазақ аудиториясы ән тыңдау үшін түнде ұйықтамауы керек пе?" деген сұрақ қойғанын еске алады.

2025 жылғы сұхбатында да ол:

"Қазақша әндер легі түнгі эфирде ғана ротацияға түскеніне қарамастан, түрлі туынды жазып, оны жалпақ жұртқа таратуға барымызды салдық", – деп сол кезеңді еске алған.

"Үркер" бағытын өзгертпеді. Керісінше, жаңа әндер жазуды жалғастырды.

Алғашқы әндеріне репрессияланған ақындардың өлеңдерін пайдаланды

Топтың тағы бір ерекшелігі – мәтін таңдауы.

Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін бұрын шығармаларын еркін жариялауға мүмкіндік болмаған қазақ қаламгерлерінің мұрасы қоғамға қайта орала бастады.

Айдос Сағат осы мүмкіндікті де пайдаланғандарын айтады. Оның естелігі бойынша, "Үркердің" алғашқы әндерінің бір бөлігі Шәкәрім Құдайбердіұлы, Мағжан Жұмабаев, Мұқағали Мақатаев секілді ақындардың өлеңдері негізінде жасалған.

Бұл жерде "Үркердің" шығармашылық формуласы анық байқалады. Музыкасы – заманауи. Аспаптары – поп пен рокқа жақын. Ал мәтін мен мелодиялық негізде қазақтың дәстүрлі мәдениеті жатыр. 1990-жылдар үшін бұл тың тәсілдердің бірі болды.

"Наурыз" бәрін өзгертті

"Үркер" шығармашылығын кең аудиторияға алып шыққан ең белгілі әндердің бірі – "Наурыз".

E-history порталының ән тарихына арналған материалында шығарманың 1997 жылы жарық көргені айтылады. Ол кезде "Үркер" белгілі музыкалық ортада танылғанымен, әлі жалпыхалықтық аудиторияны толық қамти қоймаған.

"Наурыз" осы жағдайды өзгертті.

Ән мереке қарсаңында жарық көріп, радио мен теледидар арқылы тез тарады. Көп ұзамай Наурыз мейрамымен біте қайнасқан шығармалардың біріне айналды.

Әннің музыкасын Айдос Сағат жазған. Мәтін авторы – Ерсайын Жапақов. Бүгінде әннің 1990-жылдардың соңында шыққанына сену қиын. Өйткені бірнеше буын оны бала кезінен Наурыз мерекесінен естіп өсті.

Осының өзі "Үркердің" қазақша заманауи музыка жасау туралы алғашқы таңдауының қаншалық дұрыс болғанын көрсететін мысалдардың бірі.

Бір кездері түнге ығыстырылған әндер бірнеше буынға жетті

"Үркер" тарихындағы ең қызық қарама-қайшылық та осы. Бір кезде қазақ тіліндегі әндерді радиоларға өткізу қиын болды. Оларды коммерциялық аудиторияға қызық емес деп санағандар кездесті. Кейін эфирге шыққанда түнгі уақытқа қойылған кездері болды.

Ал бірнеше жылдан соң сол "Үркердің" клиптері телеарналардан қайта-қайта көрсетіліп, "Наурыз" секілді әндері бүкіл елге тарады. Айдос Сағат 2025 жылы осы жолға қарап, арада отыз жыл өткен соң Қазақстанда қазақ шоу-бизнесінің қалыптасқанын көріп отырғанын айтты.

"Үркердің" тәуекелі де сонда еді. Олар дайын нарықты пайдаланған жоқ. Қазақ тіліндегі заманауи музыкаға үлкен коммерциялық сұраныс бар екені әлі дәлелденбеген кезде осы бағытты таңдады.

Радио қабылдамаса да ән жазды. Эфир түнге жылжытса да тоқтамады. Батыстың поп-рок музыкасын тыңдап өскен қала жастары қазақтың халық әуені мен поэзиясына қайта үңілді. Ал кейін сол тәжірибеден "Наурыз", "Жаным", "Махаббат әні", "Сәулем-ай" секілді бірнеше буын тыңдаған әндер дүниеге келді. Бүгінде олардың қазақша ән орындауы ешкімді таңғалдырмайды. Бірақ 1990-жылдардың басындағы жағдайды ескерсек, дәл осы қарапайым көрінетін таңдау "Үркердің" ең үлкен тәуекелдерінің бірі болған.

2006 жылы қатаң кастингпен құрылған KeshYOU 20 жылдың ішінде қалай феноменге айналды?

Мейрамбек Саят Медеуовті алғысы келген: "МузАРТ"-та Сәкен Майғазиев болмауы мүмкін еді

"Дос-Мұқасан" атауын қазақтар емес, венгр студенттері қалай ойлап тапты?

Мадияр Қапанбек
Автордың басқа материалдары