ҚазТАГ басшыларына қатысты қылмыстық іс қозғалды деп хабарлайды malim.kz басылым жазған ақпаратқа сүйеніп.
Ақпарат агенттігінің бас директоры Әсет Матаев пен бас редакторы Әмір Қасенов шығу тегі ресейлік, миллиардер Тимур Турловтың бақылауындағы Freedom Finance компаниясының арызы бойынша күдікті деп танылды. Бұған - компания басшылығы тарапынан жасалған алаяқтық схемалардан зардап шеккендердің сөзіне сүйене отырып жазылған жарияланымдар себеп болған.
«Матаев пен Қасеновті белгіленген рәсімдерден тыс күдікті деп тану – заңды өрескел бұзу. Оларды өздерінің қатысуынсыз күдікті деп тану үшін, олар жасырынып жүруі немесе тергеу әрекеттерінен басқа жолмен жалтаруы керек еді. Ал Матаев та, Қасенов те тергеуден жалтарған жоқ», -
деп түсіндірді жағдайды адвокат Рена Керімова.
Айта кетерлігі, редакция қылмыстық іс туралы 20 қараша күні БАҚ-тан білген, ал істің өзі 18 тамызда қозғалған екен. Осылайша, полиция қылмыстық істі бірнеше ай бойы ҚазТАГ-тан жасырын тергеген, сонымен қатар - белгіленген нормаларды бұзып, редакцияға хабарламастан бірнеше сараптама жүргізген (оқиғаға ҚазТАГ-тың көзқарасы).