«Қазтеміртранс» АҚ Алматы филиалының директоры Ақылбек Базеновтің ұсталуына қатысты ақпаратты растады. Компанияның баспасөз қызметі қазіргі уақытта құзырлы құқық қорғау органдары тергеу амалдарын жүргізіп жатқанын мәлімдеді. Бұл жөнінде Qaz365.kz-ке сілтеп Malim.kz хабарлайды.
Дегенмен компания өкілдері БАҚ-та тараған «ірі көлемде пара алу» туралы ақпаратқа шүбә келтіріп отыр. Алдын ала мәліметтер бойынша, Базенов күзет қызметін көрсететін жеке фирмадан 540 миллион теңге пара алды деп айыпталуда. Бірақ «Қазтеміртранс» бұл соманың қисынсыз екенін алға тартты.
«Күзет қызметіне бөлінген жалпы бюджет шамамен 200 миллион теңгені құрайды, ал Алматы филиалындағы өндірістік базаларды күзетуге биыл бар болғаны 9 миллион теңгеден астам қаражат бөлінген. Бұл — таратылып жатқан пара сомасынан бірнеше есе аз», — деп түсіндірді компания өкілдері.
Қазіргі таңда компания тергеу органдарына барлық қажетті құжаттарды ұсынып, жан-жақты жәрдем көрсетуде. Күзет ұйымдарымен келісімшарттар жасасу процедуралары бұған дейін толық аяқталған болып шықты. Істің нақты мән-жайын алдағы уақытта тергеу анықтайтын болады.
«ҚазТемірТранс» АҚ — Қазақстандағы жүк вагондарын басқаратын ірі теміржол компанияларының бірі. Ол — «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының еншілес ұйымы. Компанияның негізгі міндеті — жүк тасымалына арналған вагондарды қарау, жалға беру және олардың техникалық жағдайын қадағалау. «ҚазТемірТранс» Қазақстан аумағында ғана емес, көрші елдер бағытында да жүк тасымалына қызмет көрсетеді. Бүгінде компанияның паркінде шамамен 38 мыңға жуық жүк вагоны бар. Олардың ішінде жартылай вагондар, астық таситын, цистерналар және басқа да жүк түрлеріне арналған вагондар кездеседі. «ҚазТемірТранс» вагондары арқылы ел ішінде көмір, астық, мұнай өнімдері, металл және басқа да өнеркәсіпке арналған жүктер тасымалданады.