Танымал қазақстандық әнші Ердос Қанаев әлеуметтік желідегі парақшасында отбасы мен ажырасу мәселесіне қатысты ойын ортаға салды. Өнер иесі ерлі-зайыптыларға ойланбастан ажырасуға кеңес беретін коучтар мен өзін "данышпан" санайтын кеңесшілерді сынға алды, деп хабарлайды Malim.kz.
Әншінің сөзінше, мұндай кеңестердің салдарынан кейбір отбасылардың шаңырағы шайқалып, оның зардабын балалар тартуы мүмкін.
"Қолымда билік болса, "коучсымақтар мен данышпансымақтардың" сөзіне сеніп, ажырасып жатқан, сөйтіп бала-шағасын асырай алмай бақытсыз болып жатқан барлық әйелдердің бала-шағасын асырауды солардың мойнына жүктер едім", – деп жазды ол.
Сондай-ақ Ердос Қанаев ажырасқан ер азаматтардың кейін қайта үйленуіне байланысты шығындарды да осындай кеңес берушілер көтеруі керек деген пікір білдірді.
"Әйелдерінен айырылған еркектің ендігі үйленетін тойын, қызға берер қалыңмалын – бәрін солардың мойнына жүктер едім. Қияметте жауап бересіңдер", – деді әнші.
Ердос Қанаев кім?
Ердос Қанаев – қазақстандық әнші, "Жігіттер" квартетінің мүшесі. Ол Түркістан облысы Ордабасы ауданының Шұбар елді мекенінде дүниеге келген. Әншінің негізгі шығармашылық жолы 2003 жылы құрылған "Жігіттер" тобымен байланысты. Квартет "Арай-2003" республикалық байқауында бас жүлде алып, кейін "Ерке қыз" әнімен көпшілікке кеңінен танылды.
Қазіргі құрамда Бағлан Әбдірайымов, Айдар Байжанов, Ердос Қанаев және Мырзахан Маханов өнер көрсетеді. 2024 жылы квартет 20 жылдығына орай "Қызық Times" бағдарламасына да осы құраммен қатысқан.