Белгілі қоғам қайраткері Оразалы Ержанов қамауға алынды, деп хабарлайды Malim.kz ҚазТАГ-қа сілтеп.
Агенттіктің хабарлауынша, «жұбайының айтуынша, Оразалы Ержановты түнде алып кеткен, тінту жүргізілген. 10 тәулікке сотталған. Себебі түсініксіз». Бұл жөнінде бейсенбі күні белгілі журналист Гүлжан Ерғалиева әлеуметтік желідегі парақшасында жазған.
Қоғам белсендісінің ұсталғаны туралы Адам құқықтары мен заңдылықты сақтау жөніндегі Қазақстан халықаралық бюросы (АҚмЗСЖҚХБ) да хабарлады.
«Алматыда Оразалы Ержановтың ұсталғаны белгілі болды. Қазіргі уақытта ол Elge Qaitaru қоғамдық қорының құрылтайшысы әрі басшысы болып табылады. Ұйым елден заңсыз шығарылған активтерді қайтаруға жәрдем көрсетеді. Ұзақ уақыт ҚР Ұлттық банк төрағасының орынбасары, қаржы вице-министрі, «Қазпочта» АҚ басқарма төрағасы, Халық банкі төрағасының орынбасары, KEGOC вице-президенті, «Наурыз банкінің» басқарма төрағасы қызметтерін атқарған», - делінген хабарламада.
Атап өтілгендей, ұсталуына не себеп болғаны туралы әзірге ақпарат жоқ, алайда Ержанов Конституция жобасын және референдумды жедел өткізуге қатысты сын айтушылардың қатарында болғаны белгілі.
ҚазТАГ редакциясы Алматы қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметіне түсініктеме алу үшін жүгінгенін жазды.