Malim.kz
Құқық

«Қонақтар аш кетті». Мейрамхана клиенттерін "лақтырып" келген

Ереке Базарқұл
©Inbusiness.kz

Қарағандыда бірнеше отбасы «тойды бастан-аяқ атқарып береміз» деп уәде берген мейрамхананың әрекетінен ақшасынан айырылды. Клиенттерді арзан банкеттер, тиімді акциялар және тегін фотоаймақтармен қызықтырған мейрамхана қызметі той күні қызметін атқармаған. Бұл туралы Tengrinews.kz авторы Әсел Сатаева жазыпты.

Арудың армандаған «қыз ұзатуы» той күні күйреді

Қарағанды тұрғыны Ақару Рахман қыз ұзату рәсімін жоспарлап, үйіне жақын мейрамхананы таңдаған. «Тойды бастан-аяқ атқару» қызметі үшін ол шамамен 1,5 млн теңге төлепті. Алайда қуаныш күні мүлде басқа жағдайға тап болыпты.

— «Таңертең тойбастар мен сыйлықтарды апарсақ, мейрамхана дайын тұрмақ түгілі, ас үйдің өзі лас болып шықты. Банкетке дайындықтың белгісі де жоқ. Хозяйкаға хабарлассам, тек басу айтты да қойды. Сол сәтте басқа орын іздеуге тура келді. Бірнеше сағаттың ішінде жаңа мейрамхана тауып, оған тағы 1,5 млн теңге төледім. Арзан болады дегеніміз — екі есе шығын болды»,

— дейді Акару Рахман.

Ол кейін - хабарласқан адамы мейрамхананың иесі емес, тек жалға алушы екенін білген. Қазір Ақару ақшасын қайтарып алуға тырысып жүр, алайда кәсіпкер құр уәдемен шығарып салып жүрген көрінеді.

«Екі миллион бердім, той болмай қалды»

Осындай жағдайға Зейнолла Маханов та тап болған. Ол ұлының тойына дайындалып, таныстары бұрын той өткізген мейрамхананы таңдаған. Жалпы 2 млн теңге төлеген. Алайда тойға бір апта қалғанда мейрамхананың жабылғанын біліпті.

— «Әуелде толық төлемегенмін. Акция деп сендіріп, екі миллионымды алды. Бір апта қалғанда мәзірді бекітуге барсам, мейрамхана жабық. Хозяйка «ақша жоқ» деді. Басқа мейрамхана таптым, ол ақша сол жаққа аударылады деді. Қызметі тағы орындалмады. Ақыры тойды тоқтатуға тура келді. Несиеге алған екі миллионнан да айырылдым», —

дейді ол.

«Екі миллион төледім, қонақтар аш кетті»

Тағы бір тұрғын Гүлнұр Мусуркепова тойын өткізгенімен, сапасына қатты наразы болыпты.

— «Үстелдер жартылай бос болды, ет жаңа сойылған емес, шай үстелі тым жұтаң. Барлығын видеоға түсіріп алдым. 2 млн теңгеден астам ақша төледім, бірақ банкет құны максимум 750 мыңға ғана шыққан. Кәсіпкер миллион теңгені қайтаратынын жазып берді, бірақ әлі қайтармады. Сотқа жүгіндім, алайда ол онлайн процестерге де қатыспайды», —

дейді ол.

Зардап шеккендер 10-нан аса отбасы болуы мүмкін

Жәбірленушілер бірігіп, полицияға арыз жазған. Олардың айтуынша, алданып қалғандардың саны оннан көп. Олар кәсіпкердің ақшаны қайтаруын және ірі көлемдегі алаяқтық бойынша жауапқа тартылуын талап етеді. Әрі олардың пікірінше, мейрамхана иесі жалғыз емес, қасында сыбайластары болуы ықтимал.

— «Бастапқыда 14 адам едік. Қазір кейбіреулері үндемей қалды — бәлкім, 10–20 мың теңгеден салып қойып, үміттендіріп отырған шығар. Бұл — қасақана уақыт созу. Біз оның жауапкершілік алғанын, жазаланғанын қалаймыз», —

дейді зардап шеккендер.

Мейрамхана иесінің жауабы

Кәсіпкер жағдайдың алдын ала ойластырылған әрекет емес екенін айтады. Оның сөзінше, мейрамхананы көктемде ашып, клиент тарту үшін акциялар жасаған, бірақ кейін қаржы тапшылығына тап болған.

— «Ешкімнің тойынан бас тартқан жоқпын, олар өздері кетіп қалды. Ақшадан қашпаймын, бәрін қайтарамын, бірақ бәріне бірден бере алмаймын. Жаңа банкеттер өткізбей, қарыздарды жаба алмаймын», —

дейді ол.

Қылмыстық іс қозғалды

Қарағанды облыстық полиция департаментінің мәліметінше, полицияға келісімшарт талаптарының орындалмауына байланысты бірнеше шағым түскен. Тексеру барысында тағы басқа ұқсас фактілер анықталған.

— «Алаяқтық» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу органы барлық қажетті шараларды жүргізуде», —

деп хабарлады ведомство.

Ереке Базарқұл
Автордың басқа материалдары