Malim.kz
Құқық

Қостанай облысында криминалдық полицияның үш қызметкеріне қатысты тергеу басталды

Сабина Асқарқызы
СҚО полиция департаменті

Қостанай облысының Рудный қалалық криминалдық полиция бөлімінің үш қызметкері пара алды деген күдікпен ұсталды. Бұл ақпаратты облыстық полиция департаменті растады, деп хабарлайды Malim.kz «ТоболИнфоға» сілтеме жасап.

Ведомство мәліметінше, күдіктілер қамауға алынып, оларға қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр.

«2026 жылғы 17 наурызда Қостанай облысы бойынша ҰҚК департаментінің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметінің қызметкерлері Қостанай облысы ПД-ның ішкі қауіпсіздік басқармасымен бірлесіп, ҚР ҚК-нің 366-бабы 3-бөлігі бойынша басталған сотқа дейінгі тергеп-тексеру аясында Рудный қалалық криминалдық полиция бөлімінің үш қызметкерін ұстады», – деп хабарлады полиция департаменті.

Сондай-ақ Қостанай қаласының мамандандырылған тергеу сотының санкциясымен аталған тұлғаларға қатысты қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалған.

Айта кетейік, Қылмыстық кодекстің 366-бабы 3-бөлігі бопсалау жолымен, алдын ала сөз байласқан адамдар тобы арқылы, ірі мөлшерде немесе бірнеше рет пара алу фактілеріне қатысты қолданылады.

Аталған бап бойынша кінәлі деп танылғандарға пара сомасының 60-70 еселенген мөлшерінде айыппұл салу, 7 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру, мүлкін тәркілеу, сондай-ақ өмір бойы белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыру жазасы қарастырылған.

Сабина Асқарқызы
Автордың басқа материалдары