Malim.kz
Құқық

Қостанай облысында күйеуін пышақтап өлтірген әйел 8 жылға сотталды

Айбын Атабай
Фото: TobolInfo

Қостанай облысының Бейімбет Майлин ауданында әйел күйеуін пышақтап өлтіргені үшін 8 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Malim.kz.

Tobolinfo.kz сайтының жазуынша, қылмыстық іс Қостанай облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында алқабилердің қатысуымен қаралған. Сот Қызылжар ауылының тұрғынын күйеуін өлтіргені үшін кінәлі деп таныды.

Сот материалдарына сәйкес, оқиға 2026 жылғы 9 мамырда болған. Кешкі уақытта ерлі-зайыптылар үйдің ауласында бірге алкогольдік ішімдік ішкен. Кейін олардың арасында жанжал шыққан.

Сот мәліметінше, мас күйдегі ер адам әйеліне ренішін айтып, оны опасыздық жасады деп айыптаған.

10 мамырға қараған түні шамамен сағат 00:30-да әйел асүйден пышақ алып, күйеуінің сол жақ кеуде тұсына бір рет сұққан. Ер адам алған жарақатынан оқиға орнында қайтыс болған.

Сотта әйел өз кінәсін ішінара мойындаған. Алайда күйеуін өлтіру ниеті болмағанын мәлімдеген.

Алқабилердің қатысуымен өткен сот нәтижесінде әйел кінәлі деп танылып, оған 8 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Ол жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің орташа қауіпсіздік мекемесінде өтейді.

Сот үкімі әзірге заңды күшіне енген жоқ. Оған белгіленген тәртіппен шағым беруге болады.

Айбын Атабай
Автордың басқа материалдары