Арқалық қаласындағы №5 орта мектептің төрт қабатты ғимаратынан өрт шықты. Білім ошағының шатыры ашық жалынмен өртенген, деп хабарлайды Malim.kz.
Azattyq Rýhy-ның жазуынша, өрт сөндірушілер оқиға орнына жеткенде жалын шарпыған аумақтың көлемі шамамен 1100 шаршы метрді құраған. Тілсіз жауды ауыздықтауға ТЖМ өрт сөндіру бөлімі мен жедел-құтқару жасағының күштері жедел жұмылдырылды.
«Өртті сөндіру барысында судың үздіксіз берілуін қамтамасыз ету үшін нысаннан 300 метр қашықтықта орналасқан екі өрт гидранты пайдаланылды», — деп хабарлады мекеме өкілдері.
Оқиға орнында ТЖМ мамандарымен бірге полиция қызметкерлері және жедел медициналық көмек бригадасы кезекшілік атқарды. Құтқарушылардың үйлесімді әрекетінің арқасында жалын сағат 22:45-те оқшауланып, шатыр конструкцияларын бөлшектеу жұмыстары жүргізілді. Ал сағат 23:50-де өрт толықтай жойылды.
Алдын ала мәлімет бойынша, төтенше жағдайдан зардап шеккендер мен қайтыс болғандар жоқ. Қазіргі уақытта мамандар материалдық шығын көлемі мен өрттің шығу себебін анықтап жатыр.