Malim.kz
Құқық

Қостанай қалалық білім бөлімінің басшысы қамауға алынды

• Айбын Атабай
Қостанай қалалық білім бөлімі

Қостанай қалалық білім бөлімінің басшысы Гүлсім Оразбаева бюджет қаражатын жымқырды деген күдікпен қамауға алынды, деп хабарлайды Malim.kz.

Қостанай облысы прокуратурасының мәліметінше, 2026 жылғы 2 маусымда тергеу соты күдіктіге қатысты қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялаған.

«Сотқа дейінгі тергеп-тексеру аясында 2026 жылғы 2 маусымда Қостанай қаласының тергеу соты күдікті Оразбаева Г.-ға қатысты қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасына санкция берді», – деп хабарлады облыстық прокуратураның баспасөз қызметі.

Бұған дейін Қостанай облысы бойынша ҰҚК департаменті Қостанай қаласы әкімдігі білім бөлімінің бірқатар лауазымды тұлғасына қатысты бюджет қаражатын жымқыру фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіп жатқаны белгілі болған.

Тергеу мәліметіне сәйкес, күдіктілер басқа тұлғалармен сөз байласып, мектептерге бөлінген бюджет қаражатын заңсыз иемденген болуы мүмкін.

Осыған байланысты 1 маусым күні лауазымды тұлғалардың жұмыс орындары мен тұрғылықты мекенжайларында тінту жүргізілген. Сол күні Қостанай қалалық білім бөлімінің басшысы Гүлсім Оразбаева Қылмыстық кодекстің 190-бабы 3-бөлігі («Алаяқтық») бойынша күдікке ілініп, ұсталды.

Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр. Құқық қорғау органдары тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жарияланбайтынын мәлімдеді.

Айбын Атабай
Автордың басқа материалдары