Костанайда жедел қызметтер бірден дабыл бойынша көтерілді. Бұған баланың мектептердің біріне бомба қойылғаны туралы хабарлаған қоңырауы себеп болды. Хабар түскеннен кейін байланыс үзілген, бұл жағдайдың cалмағын одан әрі күшейткен, деп хабарлайды Malim.kz Azattyq Rýhy-на сілтеме жасап.
Оқиға орнына полиция, саперлер, өрт сөндірушілер және медицина қызметкерлері келді. Мектептің оқушылары мен қызметкерлері шұғыл эвакуацияланды. Ғимарат пен аумақ толық тексеріліп, күдікті заттар анықталған жоқ, қауіп расталған жоқ.
Жедел іздестіру барысында қоңыраудың басқа мектептің 7-сынып оқушысынан түскені анықталды. Ол сыныптасының телефонын пайдаланып, «әзіл үшін» осындай әрекетке барғанын мойындады. Алайда ол мұндай қылықтың салдарын түсінбеген.
Терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлау фактісі бойынша қозғалған қылмыстық іс тоқтатылды, жасөспірім қылмыстық жауапкершілік жасына толмаған.
Ал ата-анасы бала тәрбиелеу міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сонымен бірге жедел қызметтердің жалған шақыртуға жұмсаған шығындарын өндіру мәселесі қаралып жатыр.
Терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлама үшін 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Құқық қорғаушылар ата-аналарға мынадай үндеу жасады:
- балаларға мұндай «әзілдердің» салдарын түсіндіріңіздер;
- телефон мен әлеуметтік желілерді пайдалануын қадағалаңыздар;
- мұндай оқиғалардың алдын алу — ересектердің ортақ міндеті.