Сәуір айында Түркістан қаласының мәдени өмірінде ерекше оқиға орын алмақ. Елордадан келген Ұлттық театр ұжымы киелі шаһарда гастрольдік сапармен өнер көрсетіп, көрермен қауымға таңдаулы қойылымдарын ұсынады, деп хабарлайды Malim.kz.
Гастроль шымылдығы 21 сәуір күні қазақ драматургиясының жауһары – Мұхтар Әуезовтің «Қарагөз» трагедиясымен ашылады. Терең психологиялық иірімдерге құрылған бұл туынды махаббат пен тағдыр тартысын әсерлі жеткізеді.
Келесі күндері көрермендерге әр жанрдағы қойылымдар ұсынылады. 22 сәуірде сахнада «Шәмші» элегиясы ұсынылып, қазақ ән өнерінің аңызы Шәмші Қалдаяқовтың рухани әлеміне сапар жасалады. Ал 23 сәуірде Қ. Жиенбайдың «Патша көңілім, недейсің?!» комедиясы көрерменге көтеріңкі көңіл-күй сыйламақ.
Гастроль аясында «Кешкі 7» спектакль-концерті де көрерменге жол тартады. Бұл – музыка мен театрды тоғыстырған ерекше форматтағы кеш. Сонымен қатар, 25 сәуір күні «Жүрек сыры. Махаббатым сен…» драмасы сахналанып, махаббат тақырыбына жаңа көзқарас ұсынады.
Қойылымдар Түркістан музыкалық драма театры сахнасында өтеді. Бұл гастроль – тек өнер көрсету емес, екі театр арасындағы шығармашылық байланысты нығайтып, өңір көрерменін сапалы сахналық дүниелермен қауыштырудың жарқын үлгісі.
Елордадан келген өнер ұжымының бұл сапары – ұлттық театр өнерінің дамуына серпін беріп, көрермен жүрегінде ұзақ сақталатын әсер қалдыратыны сөзсіз.