Malim.kz
Спорт

Қуат Хамитовке әлемдік беделді лигада өнер көрсетуге ұсыныс түсті

Мадияр Қапанбек
Қуат Хамитов. Фото: Real American Freestyle

Қазақстандық аралас жекпе-жек шебері Қуат Хамитов жалаң жұдырықпен айқас өткізетін Bare Knuckle Fighting Championship ұйымынан ұсыныс алғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Malim.kz.

Спортшы бұл туралы әлеуметтік желідегі парақшасында хабарлады. Оның сөзінше, тараптар келісімшарт талаптары бойынша ортақ мәмілеге келсе, алғашқы жекпе-жек күзде өтуі мүмкін.

"Bare Knuckle FC-де өнер көрсету жөнінде ұсыныс алдым. Шарттары бойынша келіссек, күзде өзім үшін жаңа ұйымда жекпе-жек өткіземін", – деп жазды Хамитов.

Bare Knuckle Fighting Championship – жалаң жұдырықпен өтетін жекпе-жектерді ұйымдастыратын америкалық промоушен. Ұйым 2018 жылы Филадельфия қаласында құрылған.

BKFC АҚШ-та 1889 жылдан бері жалаң жұдырықпен бокс кештерін өткізуге ресми рұқсат алған алғашқы компания саналады. Кейінгі жылдары ұйым сапында аралас жекпе-жек пен кәсіпқой бокста танылған бірқатар спортшы өнер көрсетті.

Бұған дейін Қуат Хамитов Real American Freestyle ұйымында дебют жасап, еркін күрес ережесі бойынша UFC файтері Арман Царукянмен белдескен. Қазақстандық спортшы бұл кездесуде жеңіліп қалған еді.

Кейін Хамитов Царукянға тағы бір мәрте күш сынасуды ұсынған болатын.

Мадияр Қапанбек
Автордың басқа материалдары