Премьер-министр Олжас Бектенов Ақтөбе облысына жұмыс сапары барысында өңірдің өнеркәсіптік әлеуетімен, ірі кәсіпорындардың жұмысымен және инвестициялық жобалардың іске асырылу барысымен танысты. Өнеркәсіпті дамыту мен елдің өндірістік қуатын арттыру – Президенттің Қазақстан халқына арнаған "Қазақстанның жаңа тарихи кезеңдегі өзекті міндеттері" атты Жолдауында белгіленген басымдықтардың бірі, деп хабарлайды Malim.kz.
Үкімет басшысы Хромтау ауданындағы Көктау ауылында мыс және мыс-мырыш кендерін өндіретін әрі байытатын "Ақтөбе мыс компаниясы" ЖШС-нің өндіріс алаңын, сондай-ақ Хромтау қаласындағы Eurasian Resources Group (ERG) тобының кәсіпорындарын аралады.
"Ақтөбе мыс компаниясының" өндіріс алаңында Олжас Бектенов байыту фабрикасы мен мыс концентратын шығаратын тау-кен байыту комбинатының жұмысын көрді. Кәсіпорын мамандары құрамы күрделі кеннен мыс пен мырышты барынша аз шығынмен бөліп алуға мүмкіндік беретін селективті және ұжымдық-селективті флотация технологияларын көрсетті. Мұнда еңбек өнімділігін арттырып, өндіріс қауіпсіздігін күшейту үшін отандық цифрлық шешімдер де қолданылады. Олардың қатарында "Флотатордың цифрлық көмекшісі" мен тау-кен көлігін автоматты басқару жүйесі бар.
Компанияның бас директоры Фарит Суфьяновтың айтуынша, фабриканың жылына 5 млн тонна кен өңдеуге қуаты жетеді. Кәсіпорын іске қосылғалы өндірісті дамытуға 407 млрд теңге салынып, 2 мыңнан астам жұмыс орны ашылған. Қазір компания "50 лет Октября" және "Приорское" кен орындарында жерасты кеніштерін салу, сондай-ақ "Лиманное" кен орнында өндіріс көлемін ұлғайту жобаларын іске асырып жатыр. Бұл жобалар кәсіпорынның шикізат қорын кеңейтіп, жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді. Жаңа жобаларды қоса есептегенде, инвестицияның жалпы көлемі екі есеге жуық өсіп, 800 млрд теңгеден асады.
Премьер-министр ERG тобына кіретін "Қазхром" трансұлттық компаниясының өндіріс алаңында топтың Ақтөбе облысындағы кәсіпорындарының өндірістік көрсеткіштерімен, инвестициялық жобаларымен және алдағы даму жоспарларымен танысты. ERG-дің Қазақстандағы бас директоры Кудрәт Шамиев жалпы құны 3,4 млрд доллар болатын жаңа жобалар туралы баяндады. Оның ішінде алюминий кластерін құруға 1,3 млрд доллар, энергетиканы дамытуға 1 млрд долларға жуық, "Болашақ" шахтасының екінші және үшінші кезегін салуға 800 млн доллардан астам, ал кен түйіршіктерін шығаратын жаңа фабрика салуға 300 млн доллар қарастырылған.
Алғашқы нысандарды 2027 жылы пайдалануға беру жоспарланған. Қазір автокөлікке арналған алюминий дискілерін шығаратын зауыт жобаланып жатыр. Сондай-ақ Ақтөбеде өндіріс қалдықтарын кәдеге жарататын электр станциясын салу және галлий өндірісін іске қосу көзделген.
2028 жылы Ақсу электр станциясының №7 энергоблогын іске қосып, Павлодар алюминий зауытын жаңғыртудың бірінші кезеңін аяқтау жоспарланған. 2029 жылы "Тассай" жел электр станциясы мен кен түйіршіктерін шығаратын фабриканы іске қосу, Павлодар алюминий зауытын жаңғыртудың екінші кезеңін аяқтау және жаңа КЭЗ-2 электролиз зауытын салу көзделіп отыр. 2030 жылы Шымкенттегі №3 жылу электр орталығына қосымша газ-турбиналық қондырғы іске қосылмақ. Ал "Болашақ" шахтасының екінші және үшінші кезегін 2034 жылға дейін толық аяқтау жоспарланған.
Премьер-министрге 2027 жылдың соңына қарай отандық алюминийден жылына 500 мыңға дейін автокөлік дискісін шығару жоспары таныстырылды. Өнімді Astana Motors пен Hyundai компанияларына да жеткізу көзделіп отыр. Олармен тиісті меморандумдар жасалған.
Олжас Бектенов өңірлердің экономикасын дамытуда өнеркәсіптің орны ерекше екенін атап өтті.
"Мемлекет басшысы атап өткендей, елдің қуаты өңірлердің әлеуетіне байланысты. Сондықтан өңірлерді теңгерімді дамыту, олардың инвестициялық тартымдылығын арттырып, экономикалық әлеуетін нығайту айрықша маңызды. Отандық кәсіпорындардың дамуына, өндірістік қуатын арттыруына және қосылған құны жоғары өнім шығаруына қолайлы жағдай жасау керек", – деді Премьер-министр.
Сапар қорытындысында Үкімет басшысы кәсіпорындарды технологиялық тұрғыдан жаңғырту жұмысын жалғастыруды және минералдық шикізатты терең өңдеуді тапсырды. Ірі компаниялардың сатып алуларындағы қазақстандық қамту үлесін арттыруға, отандық өндірушілермен және шағын әрі орта бизнеспен ынтымақтастықты кеңейтуге басымдық берілді.