Жас та болса белгілі жазушы, оқырман қауымға мемлекеттік тапсырыспен жарық көрген «Бейуақ» кітабымен танымал, республикалық «Шабыт» жастар фестивалінің Бас жүлдегері Қуат Қиықбай шығармашылық ізденіс үстінде тағы бір жаңа қырынан көрінді. Семей қаласындағы Шәкәрім университетінің студенттері сахналаған «Мазасыз маусым» музыкалық комедиясы қаладағы жоғары оқу орындарындағы жастардың жатақханадағы қызықтарынан сыр шертеді. Аталған оқу ордасының ғимаратындағы акт залында шымылдығын ашқан комедияның оқиғасыв тартымды, жастар өмірін шынайы көрсетуімен ерекшеленеді.
Университет ректоры Бауыржан Ердембековпен бірге келген студенттер де, өнер десе ішер асын жерге қоятын, құлағы түрік оқырмандары да Қуат Қиықбайдың «Мазасыз маусымының» мәнін ұғынды, ой астарын түсінді.
-Бұл өзім де бір түлегі саналатын Шәкәрім университетінің шаңырағында төртінші рет қойылып отыр. Айман Ақтан, А. Омарханқызы сияқты жастардың жігерін жанып, өміріне біте қайнасқан ұстаздарым үміт күтіп, осы дүниені қолға алуды маған ұсынғанда 25- ке де келе қоймаған едім. Ал, «Мазасыз маусымның» жайына келсек, бұл жолғы үш түрлі ерекшелігін атап айтқаным артық болмас. Біріншісі, сахнада кәсіби актерлер емес қарапайым студенттер, тіпті болашақта мамандығы өнерге емес, басқа салаға бағыт алатын жастар өнер көрсетті. Екіншісі карантиндік шараларға байланысты Зум платформасы мен Инстаграмм әлеуметтік желісінде 300 ден астам көрерменнің де көз алдынан өтті.Үшіншісі бұл – алғашқы режиссерлік жұмысымыздың жемісі, -дейді комедия авторы Қ. Қиықбай.
- Қуат қазір көз алдымызда өсіп келе жатқан, тыңнан ізденісте жүрген жас қаламгер. «Мен сондаймын» деген жастық желіктегі мақтаннан аулақ, өзін шығармашылыққа адал, әдебиетке сергек қарайтын болмысымен тартады. Ол өзін танытуға ұмтылмай-ақ та елдің елең еткізетін дүниелерімен тәнті етіп жүр. Мен оның өнердегі ағасы болғаннан бұрын, өмірдегі көрермені, қарапайым оқырманы ретінде ұдайы тәнті болып отырамын,- дейді ақын-әнші Құсмілия Нұрқасым.
Сәтжан ҚАСЫМЖАНҰЛЫ.
Семей қаласы