Malim.kz
Спорт

"Құрметсіздік көрсетті": Олимпиада чемпионы Михаил Шайдоров ел естімеген шындықты жайып салды

Мадияр Қапанбек
Сали Сабиров / ҰОК. Суретте: Михаил Шайдоров

Италияда өткен қысқы Олимпиада ойындарында тарихи алтын медаль жеңіп алған Михаил Шайдоров өзінің жалақысына қатысты ақпараттың жария болуына байланысты Туризм және спорт министрлігіне көңілі толмайтынын айтты, деп хабарлайды Malim.kz.

Спортшы Tengrinews.kz сайтына берген сұхбатында табысына қатысты мәліметтің ашық таралуы өзіне ауыр тигенін жеткізді.

"Мен елімнің атынан өнер көрсетіп, көк туымызды желбіретіп, әнұранымызды шырқатқанымды мақтан тұтамын. Жанкүйерлерге қуаныш сыйлау – басты мақсатым болды. Осындай бірлік пен қуаныш сыйлаған сәттің неге жағымсыз арнаға бұрылғанын түсінбеймін", – деді ол.

Шайдоров әсіресе жалақысына қатысты құпия ақпараттың жарияланғанына қынжылғанын жасырмады.

"Қаржыға қатысты мәліметтің көпшілікке таралуы маған ұнаған жоқ. Бұл спортшы ретінде де, адам ретінде де маған деген құрметтің толық сақталмағанын көрсеткендей болды", – деп атап өтті чемпион.

Ол басқа спортшылардың табысы бұған дейін ашық жарияланбағанын да еске салды.

"Басқа атлеттердің жалақысы жарияланғанын көрмедім. Әлемдік спорт державалары да мұндай мәліметті ашық есептеп жатқан жоқ. Спортта ең алдымен нәтиже мен оған дейінгі еңбек бағалануы тиіс", – деді мәнерлеп сырғанаушы.

Олимпиада чемпионы 2025 жылы өзіне барлық жағдай жасалғанын, ұсыныстары ескерілгенін мойындады. Алайда олимпиадалық дайындық бірнеше аймен ғана шектелмейтінін айтты.

"Берілген қаражат толықтай жаттығу, қалпына келу, мамандармен жұмыс істеуге жұмсалды. Мен оны ешқашан "салтанат құруға" мүмкіндік ретінде қарастырған емеспін. Барлық ресурс тек бір мақсатқа – нәтижеге жетуге бағытталды", – деді ол.

Шайдоровтың пікірінше, басты назар қаржыға емес, спорттық жетістікке аударылуы тиіс.

"Министрлік алтын медаль үшін маған шот ұсынғандай әсер қалдырды. Бұл дұрыс емес. Ақша емес, нәтиже маңызды. Мәнерлеп сырғанау – қымбат спорт. Бірақ берілген қаражаттың бәрі дайындыққа жұмсалды", – деп түйіндеді чемпион.

Еске салайық, бұған дейін министрлік 2025 жылы Михаил Шайдоров пен оның командасының дайындығына 263 394 581 теңге жұмсалғанын мәлімдеген еді.

Мадияр Қапанбек
Автордың басқа материалдары