19 тамызда 24KZ телеарнасында Қазақстан тарихындағы алғашқы Құрылтай сайлауы қарсаңындағы қорытынды саяси дебат өтті. «Басты дебат – 2026» пікірсайысына елдегі жеті саяси партияның төрағалары мен көшбасшылары қатысты. Дебаттың негізгі тақырыбы – «Дамыған экономика – қуатты қоғам».
Пікірталасқа «Әділет» партиясының төрағасы Айбек Дәдебай, «Ақ жол» партиясының төрайымы Дания Еспаева, Қазақстан Халық партиясының төрағасы Нұрсұлтан Шоқанов, «Ауыл» партиясының төрағасы Қайрат Айтуғанов, ЖСДП төрағасы Асхат Рахымжанов, Respublica партиясының төрағасы Айдарбек Қожаназаров және Baytaq партиясының төрағасы Азаматхан Әміртаев қатысты.
Дебат барысында партия жетекшілері экономикалық даму, халықтың табысын арттыру, әлеуметтік саясат, ауылдарды қолдау, өңірлердің мамандануы және экологиялық туризм мәселелері бойынша өз ұстанымдарын таныстырды. Сондай-ақ олар азаматтардың тікелей сауалдарына жауап беріп, сайлауалды бағдарламаларының негізгі басымдықтарын ортаға салды.
Эфирге дейін және дебат кезінде азаматтардан арнайы байланыс арналары арқылы 59 мыңға жуық сұрақ келіп түскен. Олардың арасында шетелде тұратын қазақстандықтардың сауалдары да болды. АҚШ, Қытай және Біріккен Араб Әмірліктеріндегі отандастармен телекөпір ұйымдастырылды.
Айта кетейік, жаңа Құрылтай депутаттарын сайлау 23 тамызда өтеді. Оған Қазақстанда тіркелген жеті саяси партия қатысады.