Malim.kz
Саясат

Құрылтайда ЮНФПА-мен ынтымақтастық мәселелері талқыланды

Алуа Әшірбекова
Фото: QURYLTAI

Құрылтай депутаты, Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі Дана Медеуова БҰҰ-ның Халық қорының (ЮНФПА) Қазақстан, Қырғызстан және Түрікменстан бойынша өкілі Чинве Огбоннамен кездесті, деп хабарлайды Malim.kz.

Кездесуге денсаулық сақтау вице-министрі Манас Рамазанов, Қазақстандық қоғамдық даму институтының басқарма төрағасы, Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрағасының орынбасары Жұлдызай Ысқақова да қатысты.

Тараптар Қазақстан мен ЮНФПА арасындағы ынтымақтастықтың негізгі бағыттарын талқылады. Атап айтқанда, демографиялық даму, репродуктивті денсаулық, гендерлік теңдік, әйелдердің құқықтарын қорғау және олардың қоғамдық-саяси өмірге қатысу мүмкіндігін кеңейту мәселелері сөз болды.

Сонымен қатар «Әйелдер, бейбітшілік және қауіпсіздік» күн тәртібін іске асыруға, әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алу және оған қарсы іс-қимыл шараларына ерекше назар аударылды.

Кездесу қорытындысында тараптар конструктивті диалогты жалғастырудың маңызын атап өтіп, әйелдердің құқықтарын қорғау мен гендерлік теңдікті нығайтуға бағытталған заңнамалық жұмыс аясындағы практикалық ынтымақтастықты дамытуға мүдделі екенін білдірді.

Алуа Әшірбекова
Автордың басқа материалдары