Қазақстанда құрылыс саласын бақылаудың жаңа цифрлық тетігі енгізілуде. Мемлекет бекітілген бас жоспарлар мен нақты салынып жатқан нысандардың сәйкестігін тексеру үшін дрондар мен жасанды интеллект алгоритмдеріне негізделген бірыңғай цифрлық экожүйені іске қосуды бастады.
Бұл туралы өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Жәннат Дүбірова Үкіметтің жыл қорытындысына арналған баспасөз мәслихатында мәлімдеді.
Вице-министрдің айтуынша, негізгі бақылау құралы ретінде мемлекеттік қала құрылысы кадастрының автоматтандырылған ақпараттық жүйесі қолданылады. Аталған жүйе құрылыс процесін нақты уақыт режимінде қадағалап, заңбұзушылықтарды жедел анықтауға және мәліметтерді Мемлекеттік сәулет-құрылыс инспекциясына автоматты түрде жолдауға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, жыл соңына дейін сәулеттік-жобалау тапсырмаларын беру, техникалық шарттарды рәсімдеу секілді негізгі қызметтердің барлығы толық цифрландырылмақ. Ал 2026 жылдың басында цифрлық бас жоспарлардың орындалуын автоматты түрде бақылауға арналған ЖИ Co-pilot жүйесін пилоттық режимде іске қосу жоспарланып отыр.
Жаңа цифрлық шешімдер құрылыс саласындағы ашықтықты арттырып, заңсыз құрылыстың алдын алуға және басқару тиімділігін күшейтуге бағытталған.