Бүгінде қазақ эстрадасының аңызына айналған "Дос-Мұқасан" ансамблінің тарихы үлкен концерт залында немесе музыкалық оқу орнында басталмаған. 1967 жылы Павлодар облысының Баянауыл ауданына құрылыс жұмыстарына барған төрт студент бос уақытында өнер көрсетіп, кейін бүкіл елге танылған музыкалық ұжымның негізін қалады. Ал ансамбльдің көпшілікке белгілі атауын венгриялық студент ұсынғанын бірі білсе, бірі біле бермейді, деп жазады Malim.kz.
"Той жыры", "Құдаша", "Он алты қыз", "Сұлу қыз", "Сағындым сені"... Бұл әндер қазақ тыңдарманына жақсы таныс. Алайда олардың бірқатарына жаңа тыныс беріп, ұлттық музыканы заманауи эстрадамен ұштастырған "Дос-Мұқасан" ансамблінің құрылу тарихы да ерекше.
Төрт студенттің қарапайым концертінен басталған оқиға кейін қазақ музыкасының тұтас бір кезеңіне айналды.
Құрылысқа барған студенттердің күтпеген концерті
1967 жылдың жазында Алматыдағы Қазақ политехникалық институтының студенттері Павлодар облысының Баянауыл ауданына аттанады. Олардың мақсаты музыкалық топ құру емес, студенттік құрылыс отрядының жұмысына қатысу болатын.
Болашақ ансамбльдің алғашқы мүшелері – Досым Сүлеев, Мұрат Құсайынов, Қамит Санбаев және Александр Литвинов. Төртеуі де техникалық жоғары оқу орнында білім алып жүрген жастар еді. Олар Баянауылда тұрғын үйлер мен мәдениет үйінің құрылысына атсалысқан. Сол кезеңде құрылыс отрядында Қазақстан студенттерімен қатар Венгриядан келген жастар да еңбек еткен.
Бір күні студенттер мәдениет үйінде концерт ұйымдастыруға шешім қабылдайды. ERTIS телеарнасының 2023 жылы жариялаған материалында жастардың сол жерден пионерлік барабан, жеті ішекті гитара мен аккордеон тауып, сахнаға шыққаны баяндалады.
Осы қарапайым музыкалық аспаптармен өткен концерт қазақ эстрадасының тарихында ерекше орын алатын оқиғаға айналды. Өйткені дәл сол кеште кейін елге танылған "Дос-Мұқасан" ансамблінің негізі қаланды.
"Дос-Мұқасан" атауын кім ойлап тапты?
Ансамбльдің атауының шығу тарихы да қызық. Топтың көркемдік жетекшілерінің бірі Мұрат Құсайынов бұл туралы "Ақ Жайық" басылымына берген сұхбатында егжей-тегжейлі баяндаған. Оның айтуынша, 1967 жылғы 1 тамызда құрылыс отрядындағы жастар мерекелік концерт ұйымдастырған.
Төрт студенттің өнері Венгриядан келген құрдастарына ерекше әсер қалдырған. Концерттен кейін венгриялық студенттердің бірі жігіттерге ансамбльді өз есімдерінен құрастырып атауды ұсынады. Алайда қазақстандық студенттер бастапқыда жаңа атаудың мағынасын түсінбей қалған.
Олар "Дос-Мұқасан" дегенді венгр тіліндегі сөз болуы мүмкін деп ойлаған. Кейін бәрі белгілі болады. Ансамбльдің атауы төрт жігіттің есіміндегі алғашқы буындардан құралған:
- Дос – Досым Сүлеев;
- Мұ – Мұрат Құсайынов;
- Қа – Қамит Санбаев;
- Сан – Саня, яғни Александр Литвинов.
Тарихи жарияланымдарда бұл атауды ұсынған адамның есімі Янош Карпати деп көрсетіледі. Ол Будапешттен келген студенттік құрылыс отрядының жетекшісі болған.
Алғашқы концерт 1967 жылғы 1 тамызда өткен
"Дос-Мұқасан" ансамблінің құрылған күні ретінде 1967 жылғы 1 тамыз қабылданған. Бұл деректі Мұрат Құсайынов 2023 жылы ERTIS телеарнасына берген сұхбатында да растады.
Оның естелігіне сәйкес, ансамбльдің алғашқы концерті дәл осы күні Баянауылда өткен. Бір қызығы, кейін аты бүкіл елге тараған ұжымның алғашқы мүшелері кәсіби музыка мамандығында оқымаған. Олар инженерлік бағытта білім алып жүрген студенттер болатын. Соған қарамастан, музыкаға деген қызығушылығы мен ізденісі төрт жігітті бір сахнаға біріктірді.
Кейін ансамбль Алматыға оралып, шығармашылық жұмысын жүйелі түрде жалғастыра бастады.
Қазақтың халық әндерін жаңа стильде орындады
1960-жылдардың екінші жартысында әлемдік музыкада гитара, электрлі аспаптар және вокалды-аспаптық ансамбльдер кеңінен танылып жатқан еді. Қазақстанда да осы бағытқа қызығушылық артты. Бірақ "Дос-Мұқасанның" ерекшелігі тек заманауи музыкалық аспаптарды пайдалануында болған жоқ.
Ансамбль мүшелері қазақтың халық әндерін жаңа музыкалық өңдеумен орындауға басымдық берді.
Мәселен, халық арасында бұрыннан белгілі "Құдаша", "Он алты қыз", "Ахау, бикем", "Назқоңыр" секілді шығармалар ансамбль орындауында өзгеше сипат алды.
Электрлі гитара, ырғақты сүйемелдеу, көпдауысты орындау мен заманауи аранжировка қазақ әндеріне тың серпін берді.
E-history.kz порталындағы "Қазақ эстрадасының тарихы" атты материалда ансамбль жетекшісі Досым Сүлеевтің осы бағытқа қатысты пікірі келтірілген. Оның түсіндіруінше, топтың табысы ұлттық әуеннің ерекшелігін сақтай отырып, оны жаңа заманның музыкалық талаптарына бейімдей алуында еді. Нәтижесінде бұрынғы халық әндері жас тыңдарманға жаңа қырынан ұсынылды.
Төрт студент қалай бүкілодақтық сахнаға шықты?
Баянауылдағы алғашқы концерттен кейін ансамбльдің танымалдығы біртіндеп арта бастады. 1970-жылдары "Дос-Мұқасан" Қазақстандағы ең танымал вокалды-аспаптық ұжымдардың біріне айналды.
Топ бірнеше республикалық және бүкілодақтық музыкалық шараға қатысып, жүлделі орындарға ие болды.
E-history.kz дерегіне сәйкес, ансамбль 1971 жылы Ташкентте өткен "Халықтар достығы" фестивалінің лауреаты атанды. Ал 1973 жылы Минскіде ұйымдастырылған кәсіби орындаушылар байқауында да жоғары бағаланды.
1974 жылы ансамбль Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығының лауреаты болды. Бұл жетістіктер бастапқыда құрылыс отрядында құрылған шағын ұжымның кәсіби сахнада мойындалғанын көрсетті.
Ансамбльдің танымалдығы Қазақстанмен шектелген жоқ. Топ Кеңес Одағының түрлі қалаларында концерт беріп, халықаралық музыкалық шараларға да қатысты.